Елімізде әйел-инвесторлардың саны белсенді өсуде

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Бағалы қағаздардың орталық депозитарийіндегі есепке алу жүйесінде тікелей ашылған қосалқы шоттар туралы деректердің негізінде қазақстандық инвестордың портреті жасалды.

Соған сәйкес 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында қазақстандық инвестордың портреті өзгергенін аңғаруға болады.

Елімізде әйел-инвесторлардың саны арта бастады. Пайыздық қатынаста 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында әйел-инвесторлардың саны 5 %-ға өсті.
Егер жыл басында әйелдердің үлесі 44,8%-ды құраса, жылдың ортасында олардың үлесі 50%-ға жуық болды.

«Әйел-инвесторлар санының өсуі қаржы нарықтарында гендерлік теңдікті қамтамасыз етудегі маңызды қадам болып табылады. Ақпаратқа қолжетімділіктің артуы және онлайн-инвестициялау мүмкіндіктері де әйел-инвесторлардың өсуіне ықпал етті. Бұл үрдіс болашақта да жалғасып, инвестициялық саладағы әйелдер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады деп күтілуде» – деп санайды KCSD Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов.

Жас арақатынасы тұрақты болып қалып отыр. Ең үлкен топ әлі күнге дейін 35-54 жас аралығындағы инвесторлар, олардың үлесі 36,8 % құрайды. Екінші орында 25-34 жас аралығындағы топ, ол да бөлшек инвесторлардың жалпы санының 31 %-ы шамасында. Үшінші орында – 18-24 жас аралығындағы инвесторлар тобы, ол бөлшек инвесторлардың жалпы санының 18%-ын құрады.
 
Аумақтық көшбасшылықты бұрынғыдай Алматы (19,9 %) және Астана (11,3 %) сақтап келеді. Үшінші орында Түркістан облысы (9,3 %). Бағалы қағаздарды ұстаушылардың ең аз саны әлі де Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі (1,7 %). Бұл үрдіс 2023 жылдың басынан бері жалғасып келеді.

Еске сала кетсек, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Орталық депозитарийдің (KCSD) номиналды ұстау жүйесіндегі шоттар саны 102 %-ға өсті.

«2023 жылғы 1 шілдеде KCSD жүйесінде 1 946 мың шот ашылды, оның ішінде 685 мыңы тікелей KCSD есепке алу жүйесінде ашылған сегрегацияланған қосалқы шоттарға тиесілі, қалған 1 261 мыңы – агрегирленген омнибус-шоттар арқылы есепке алынуға жататын KCSD депоненттерінде ашылған инвесторлардың брокерлік шоттарына тиесілі», – деп хабарлады KCSD баспасөз қызметі.

2023 жылғы 1 қаңтарда KCSD жүйесінде 963 мың шот ашылды, оның 550 мыңы қосалқы шоттарға, 413 мың брокерлік шоттар – омнибус-шоттарға тиесілі болды. Бағалы қағаздарды ұстаушылардың 99%-ы қазақстандық инвесторлар. Ал бейрезиденттер үлесі бөлшек инвесторларға ашылған шоттардың жалпы санының 0,8 % ғана құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз