Үкімет елдегі 5 мың шақырым автожолды жаңғыртуға Қазақстанның даму банкінен 1 млрд долларға жуық несие алады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
1 млрд долларға апатты көпірлер де жөнделеді / Фото: shutterstock

«Қазақстанның даму банкі» АҚ жалпы ұзындығы 5 мың шақырымнан асатын республикалық маңызы бар автожолдарды қалпына келтіру жөніндегі инвестициялық жобаны қаржыландырады. Бұл Үкіметтің экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі жоспарын іске асыру мақсатында қолға алынбақ.

Жолдарды жөндеуге 450 млрд теңге мөлшеріндегі ұзақмерзімді несие берілмек. Қаржы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға тиісті келісім шеңберінде бөлінеді. Бұл шараларды 2024-2027 жылдар аралығында іске асыру жоспарланып отыр.

«Инвестициялық жоба Қазақстанның барлық аумағында іске асырылады. Облыс орталықтарын Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Ұлытау облыстарының елдімекендерімен байланыстыратын жолдарды да, республикалық маңызы бар трассаларды да қалпына келтіру жоспарлануда», – деп хабарлады «ҚазАвтоЖол».

1 млрд долларға тағы қандай жұмыстар іске асырылады?

«Сонымен қатар су өткізгіш құбырлардың апатты көпірлері қайта жаңартылады. Сондай-ақ жолдардың қалпына келтірілген учаскелерінде көлік құралдарының салмағы мен көлеміне қатысты параметрлерін өлшеудің автоматтандырылған жүйесін іске қосу көзделген», – деп жауап берді «Курсив» тілшісінің сұрағына «ҚазАвтоЖол» баспасөз хатшысы.

Жалпы жобаны іске асыру автомобиль жолдарының техникалық сипаттамасын жақсарту арқылы өңірлердің көліктік-логистикалық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. Көлік магистральдарының өткізу қабілеті мен жайлылығы артады. Жол бойындағы елдімекендердің одан әрі дамуына да серпін берілмек.

Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы Наурыз мерекесіне арналған іс-шарада 12 мың шақырым жол жөнделетіні туралы айтқан еді. Ал Оралда прокуратура демпингке қарсы талаптардың бұзылуына байланысты жол жөндеу бойынша бес тендерді тоқтатты.

Сондай-ақ оқыңыз