Үкімет мүгедектік және асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер көлемін арттыруды жоспарлап отыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік төлемдердің мөлшерін 6,5%-ға арттыру қарастырылған / Фото: shutterstock

Қазақстанда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан тағайындалатын мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері артуы мүмкін. Тиісті құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

«2025 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік төлемдерді қазіргі мөлшерінен 6,5% арттыру қарастырылады», – деп жазылған құжатта.

Бұл өзгерістің мақсаты – төлемдерді 6,5%-ға индексациялау жолымен халықтың әлеуметтік осал топтарын әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету.

Қаулы жобасын қабылдау және іске асыруға мемлекеттік бюджет қаражатынан қосымша қаржылық шығындар көзделмеген.

Айта кететіні, биылғы бірінші жартыжылдықта Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорынан 1 млн-нан астам қазақстандық әлеуметтік төлем алды. Ел азаматтарына жәрдемақының бес түрі бойынша 453 млрд теңге төленген. 

Министрліктің хабарлауынша, еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Ол мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. 

Ал асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем МӘСҚ жүйесіне қатысушының асырауында болған адамдарға тағайындалады. Асыраушысынан айырылғандарға бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы да қосымша төленеді. 

2025 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда зейнетақыны 8,5%-ға арттыру жоспарланған. Алдағы жылы АЕК мөлшері – 3 932 теңгені құрамақ. Қаржы министрлігі Ашық НҚА порталында 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қоғамдық талқыға ұсынған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз