Израиль мен «Хезболла» оқ атуды тоқтату туралы келісімге келді
Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху «Хезболла» тобымен Ливандағы атысты тоқтату туралы келісім жасалғанын растады.
The Times of Israel басылымының ақпаратына сүйенсек, бітім 27 қарашада жергілікті уақыт бойынша 04:00 (Астана бойынша 07:00) күшіне енді.
Келісім шартына сәйкес, Израиль қорғаныс әскерлері алдағы 60 күн ішінде Ливаннан кезең-кезеңімен шығады. Болашақта бітім бұзылмас үшін АҚШ, Франция және басқа елдер Ливан қарулы күштеріне жабдықтар беріп, басқа да жолмен қолдау көрсетеді.
Нетаньяху келісімге қатысқаны үшін АҚШ тарапына ризашылығын білдірді. Израиль өзінің қауіпсіздігін қорғау құқығын сақтап отырғанын атап өтті.
Оның айтуынша, егер «Хезболла» қарулы тобы шекараға жақын аймақта инфрақұрылымға келуге тырысса немесе қайтадан қарулануды бастаса, Израиль әскери құрылымдары жұмысын қайта бастауға дайын.
Айта кетейік, 19 қыркүйекте Израиль өз әскерін солтүстік шекараға қарай шоғырландырып, Ливандағы «Хезболла» қарулы тобымен күресті бастаған. 20 қыркүйекте Ливанға әуе шабуылдарын жасап, кейіннен топ басшыларын өлтіргенін хабарлаған.