Алматыдағы Розыбакиев көшесіне Мұхтар Мағауиннің атын беру ұсынылды

Жарияланды
Ол Мағауин орталығын ашуға шақырып отыр/фото: adebiportal.kz

Алматы қаласындағы Розыбакиев көшесінің атауын өзгертіп, Мұхтар Мағауиннің атын беру және жазушыға ескерткіш қою ұсынылды. Бұл туралы әлеуметтік желіде Бота Дн атты қолданушы  жазды.

Оның пікірінше, Мұхтар Мағауин есімі мегаполистегі даңғыл жолға берілуге лайықты.

«Алматының шетіндегі, баяғы переселендердің салған жапырайған ұсқынсыз үйлері орналасқан қисық, шолақ көшесінің біріне емес, орталықтағы көсіліп жатқан даңғылдардың біріне, мысалы , ұзындығы 7000 метр болатын Розыбакиев атындағы көшені Мұхтар Мағауин даңғылы деп ауыстыруға күш салып, нәтижесін шығарар», – деп жазды ол.

Оның жазуынша, Розыбакиев Жетісу облысында келмеске кеткен Кеңес өкіметін орнатуға ат салысқан, Әскери революциялық комитеттің мүшесі.

Сонымен қатар, ұсыныс иесі Мағауин орталығын ашуға шақырып отыр.

«Алматының көрнекті жеріне Батыс Еуропа скульптура үлгісіндей көрген адам өте шықпай, бұрылып тоқтап қарайтындай, тарихи жәдігер, ерекше көркем құндылығы бар ескерткіш қойғызсын», ­- дейді Бота.

Оның пікірінше, Мұхтар Мағауиннің әрбір сөйлемі қанатты әрі мағыналы. Сондықтан мектеп бағдарламаларына кіріп, өскелең ұрпақ оқуы, талдауы тиіс.

«Қатты толғанғандардың ішінде билікте болған, жақын жүргендер де аз емес. Демек, көпіре салмай, шындап, құлшына кіріссе, іске асыруға болатын шара», ­- дейді желі қолданушы нық сеніммен.

Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауин 2025 жылы 85 жасында АҚШ-тың Мерилэнд штатында дүниеден өтті. Америкадағы Parklawn Memorial зиратында жерленді.

Сондай-ақ оқыңыз