Тілендиев, Қастеев, Бәйсейітова: бір ғасырлық тарихы бар мектепте кімдер оқыды

Жарияланды 12 Ақпан 2025 11:05

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Тілендиев, Қастеев, Бәйсейітова 12 гимназия түлектері / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматыдағы №12 мамандандырылған гимназия – еліміздің ең көне әрі үздік білім ордаларының бірі. 1924 жылы 22 қазанда Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен өлкелік тәжірибелік-үлгілі мектеп ретінде құрылған бұл оқу орны Қазақстандағы білім беру жүйесінің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты.

Қазақтың тұңғыш зиялы мектебі

Алғашында тек бастауыш білім беретін мектеп ретінде ашылған оқу орны 1936 жылы Қазақстанда алғашқылардың бірі болып толық орта білім жүйесін енгізді. Бұл қадам республикадағы орта білім беру саласына серпін берді. 1972 жылы мектеп республикада алғаш рет ағылшын тілін тереңдетіп оқыту жүйесін енгізді. Бұл жаңашылдық оқушылардың үш тілде еркін білім алуына негіз болды.

Мектептің танымал түлектері

Бір ғасырлық тарихы бар білім ордасы елге танымал көптеген тұлғаларды тәрбиелеп шығарды. Олардың қатарында: аты аңызға айналған әнші Күләш Байсейітова, қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаған Әбілхан Қастеев тұңғыш қазақ режиссері Асқар Тоқпанов, белгілі композитор, күйші, дирижер Нұрғиса Тілендиев, халық әртісі Шара Жиенқұлова, композитор Сыдық Мұхамеджанов, танымал сазгер Әсет Бейсеуов.

Мемлекет және қоғам қайраткерлері: дипломат Қайрат Сарыбай, білім және ғылым министрі болған Шәмша Беркімбаева, көрнекті ғалым Кенжалы Айманов, мемлекет қайраткерлері Марат Әшім және Жанар Айтжанова, жазушы Смағүл Елубай мен Уәлихан Қалижан бір сыныпта оқыған.

Бүгінде №12 гимназия Қазақстандағы ең үздік білім ордаларының бірі. 2007 жылдан бері Алматының ең үздік 10 мектебінің қатарына тұрақты түрде кіріп келеді.

2015, 2017 және 2020 жылдары «Үздік мектеп», «Үздік білім беру мекемесі», «Үздік педагогикалық ұжым» марапаттарына ие болды. Ал 2022-2023 оқу жылында «Үздік мамандандырылған гимназия» атағын алды.

Ұстаздардың үлесі

Мектептің білім сапасының жоғары болуы ұстаздар еңбегімен тікелей байланысты. 12 гимназиямен бірге Қазақ КСР-нің Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Рафика Нұртазинаның есімі ерекше аталады. Рафика Нұртазина гимназияны 15 жыл басқарып, орыс тілін оқыту бойынша жаңа ғылыми-әдістемелік жүйе әзірлеп, оны тәжірибеге енгізді.

Бұған дейін Мұхтар ӘуезовЖүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Әзілхан Нұршайықов оқыған Семейдегі білім ордасы туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз