Asar Baspana қаржы пирамидасының басшыларынан 1,2 млрд теңге қолма-қол ақша тәркіленді

Жарияланды
Asar Baspana ұйымдастырушыларынан 1,2 млрд теңге қолма-қол ақша мен премиум санаттағы көліктер тәркіленген / Фото: АФМ, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қаржылық мониторинг агенттігі мен Бас прокуратура бірлесіп, елдегі ірі Asar Baspana қаржы пирамидасының ұйымдастырушыларын ұстады. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қаржылық мониторинг агенттігі мен Бас прокуратураның үйлестіруімен осы жылдың 8-10 ақпаны аралығында еліміздің барлық өңірінде кең ауқымды операция жүргізді, нәтижесінде тұтыну кооперативінің атын жамылған «Asar Baspana» қаржы пирамидасының заңсыз қызметі тоқтатылды», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.

«Asar Baspana» немен айналысқан?

Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар халықтың ақшасын жинап алып, салымшыларды жақсы табыс табатынына сендірген. Ұйымдастырушылар жылжымайтын мүлік пен көлік құралдарын, тұрмыстық өнімдерді сатып алу үшін қаражат салғаны үшін ай сайын құйған қаражатының 30%-ы көлемінде пайда табатынына уәде берген. Олар ұсынған тұрмыстық заттардың арасында биологиялық белсенді қоспалар, ас үй ыдыстары, косметика, тұрмыстық химия және басқа да тауарлар бар.

Агенттік қызметкерлері компания кеңселерінде және күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізіп, нәтижесінде 1,2 млрд теңгеден астам қолма-қол ақша және премиум санаттағы көліктерді тәркілеген. Жалпы компанияға тиесілі 13 автомашина анықталған.

«Екі қаржылық пирамида ұйымдастырушысы ұсталып, оларға қатысты сот екі ай мерзімге қамауға алу туралы шешім шығарды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда», – делінген баспасөз хабарламасында.

Осы орайда, Қаржы мониторингі агенттігі қаржы пирамидасының белгілері бар ұйымдарды анықтауға мүмкіндік беретін «Baiqa, piramida!» Telegram-боты іске қосылғанын еске салады. Сонымен бірге қандай да бір ұйымға ақша салмас бұрын қаржы пирмидаларының тізімімен танысып шығуға кеңес береміз.

Сондай-ақ оқыңыз