Ұлттық қор активтері бір айда бірден 600 млрд теңгеге өскен

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ұлтты қор активтері бір айда күрт өсті / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық қор активтері бір айда 600 млрд теңгеге өскен. Бұл туралы Ұлттық банктің монетарлық шолуында жазылған.

Есепке сәйкес, наурыз айында қор активтерінің құны 29,2 трлн теңгеге тең болса, сәуір айында ол 29,8 трлн теңгеге жеткен. Алайда соңғы 12 айда шамалы төмендеу байқалды: 2024 жылдың наурызында бұл сома 30,9 трлн теңге болған.

Ал Ұлттық қорда жинақталған қаражат бір айда 32,9 трлн теңгеден 33,5 трлн теңгеге дейін жеткен.

Алайда Қаржы министрлігінің Ұлттық қор қаржысын пайдалану есебінде 2025 жылдың алғашқы төрт айында қордан 2 трлн теңге алынғаны жазылған. Нәтижесінде жыл басындағы 33 трлн теңгеден қазір 31,9 трлн теңге қалды. 4 айда Қордағы қаржы 1,1 трлн теңгеге азайып кетті. Ұлттық банк пен Қаржы министрлігінің есебіндегі сандар сәйкеспей тұр.

Халықаралық резев қанша?

Қазақстанның таза халықаралық резерві екі жыл ішінде айтарлықтай артты. 2023 жылдың наурызында 15,4 трлн теңге болған бұл көрсеткіш 2024 жылдың наурызында 22,9 трлн теңгеге жетсе, 2025 жылдың сәуірінде 25,9 трлн теңгені құрады. Бұл кезеңде резервтердің жалпы өсімі 68%-ды құрады.

Ақша базасы (тар мағынада), керісінше, осы кезеңде төмендеу үрдісін көрсетті. 2025 жылғы сәуірге қарай бұл көрсеткіш 6,93 трлн теңгеге дейін қысқарды.

Сондай-ақ оқыңыз