Астанада тұрғын үйлердің бірінде өрт шықты

4 маусымға қараған түні Астананың Нұра ауданында орналасқан «Жеті бөшке» тұрғын үй кешенінде өрт шықты. Сығанақ көшесінде орын алған оқиға кезінде ғимараттың 6-қабатынан 16-қабатына дейінгі сыртқы қаптаманың жылуоқшаулағыш қабаты мен 14-қабаттағы балкон отқа оранған. Жалпы өрт аумағы 250 шаршы метрді құрады.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға орнына дереу Астана қаласы ТЖД қызметкерлері мен техникасы жұмылдырылды. Өртті сөндіруге барлығы 45 маман және 13 арнайы техника тартылды. Сонымен қатар, жағдайды үйлестіру үшін арнайы штаб құрылды.
Өрт сөндіру жұмыстары ғимаратқа апаратын жолдардың болмауына байланысты күрделене түсті. Соған қарамастан, өрт сөндірушілердің кәсіби әрекетінің арқасында өрт сағат 01:39-да оқшауланып, кейін толығымен сөндірілді. Өрт сөндіруге бірнеше су шоғырлары пайдаланылды.
Оқиға кезінде тұрғындарды эвакуациялау шаралары ұйымдастырылды. 100-ге жуық адам өздігінен сыртқа шықса, 15 тұрғынды құтқарушылар қауіпсіз жерге шығарды. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жағдайды бақылауда ұстау мақсатында оқиға орнына полиция қызметкерлері тартылып, аумақ қоршауға алынды.
Қазіргі таңда өрттің шығу себебі анықталып жатыр.