Қазақстан экономикасы сыртқы дағдарыстарға төтеп бере алды – Тоқаев

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Тоқаев
Тоқаев Қазақстан экономикасы әлемде болып жатқан сын-қатерлерге төтеп бере алғанын айтты / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-ші пленарлық отырысында Қазақстан экономикасының жаһандық дағдарысқа төтеп бере алғанын айтты.

Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесін мемлекет пен оның халықаралық серіктестері арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың берік әрі сенімді алаңы ретінде сипаттап, бұл кеңестің алдағы уақытта да өз миссиясын табысты жалғастыратынын атап өтті. Өз сөзінде әлемде болып жатқан сын-қатерлердің жаһандық экономикаға әсер туралы да айтты.

Сарапшылар болжамына сәйкес, таяу жылдары жаһандық ЖІӨ шамамен 2,9 пайызға дейін баяулайды. Бұл жағдай барлық елдерде экономикалық қысымды арттырады.

«Бүгінде инфляциялық қысымның күшейгені, жаһандық жеткізу тізбегіндегі кедергілердің және іскерлік ортадағы бағдарсыздықтың артқаны байқалады. Мұндай үрдістер әлем экономикасының перспективасын нашарлата түсуі ықтимал. Бұл халықаралық сындарлы диалогтың қажет екенін көрсетеді. Қазақстан секілді елдердің экономикасы осындай сын-қатерлер кезінде сыртқы дағдарыстарға төтеп бере алды. Биылғы бес айда Қазақстан экономикасы 6 пайызға өсті. Оған көлік және логистика, құрылыс, сауда, тау-кен өнеркәсібі және өңдеу салалары көп үлес қосты», – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл орайда Қазақстанның стратегиялық тұрғыдан жайлы жерде орналасуы, адами капиталы және реформаларды жан-жақты жүргізуі инвесторларға да, ұлттық экономикаға да мол мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз