Тоқаев жаңа тағайындалған Көлік министрін қабылдады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Тоқаев Нұрлан Сауранбаевты қабылдады / Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Кездесуде елдің көлік-транзит әлеуетін арттыру мәселелері талқыланған.

Президент Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалын ұлғайту мәселесінде автомобиль жолдары мен авиахабтарды дамыту маңызды екенін айтқан. Сондай-ақ жүк тасуда әлеуеті жоғары теміржол саласындағы ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселесіне ден қоюды тапсырды.

Президент тапсырмасына сәйкес, Сауранбаев көлік-логистика секторының ЖІӨ-дегі үлесін ұлғайту үшін бұл жұмыстарға кедергі келтіретін факторларды сараптап, саланы дамыту тәсілдерін қайта қарауы қажет.

Мемлекет басшысы көлік дәліздерінің өткізу мүмкіндігін кеңейтіп, Қазақстанның Еуразиядағы негізгі сауда-логистика торабы ретіндегі рөлін нығайту үшін жан-жақты әрі тиімді шаралар қабылдауды міндеттеді.

Еске сала кетсек, 30 маусым күні Тоқаев бос тұрған Көлік министрінің орнына «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевты тағайындаған болатын.

Айта кетейік бұл қызмет 8 маусымнан бері бос тұрды. Бұл күні бұрынғы министрі Марат Қарабаев қызметінен босатылған болатын. Көлік министрінің көлік және логистика саласын дамыту бойынша атқарып жатқан жұмысына президенттің көңілі толмай, сөгіс жариялады.

Сондай-ақ оқыңыз