АҚШ-тың сауда серіктестерімен келіссөз жүргізу аясында мұнай қымбаттап жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ресей мұнайын
Мұнай бағасы қайтадан қымбаттап жатыр /Фото: kursiv.media архиві

Әлемдік нарықта Brent маркалы мұнай бағасы қайта өсіп жатыр. Қазіргі кезде бір баррелінің бағасы 69,64 долларды көрсетіп тұр. Оған АҚШ пен оның негізгі сауда әріптестері арасындағы келіссөздерге қатысты оң жаңалықтар әсер еткен.

Мәселен, мпта басында Вашингтон мен Токио арасында сауда келісіміне қол қойылды. Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары Еуропалық одақ пен АҚШ арасындағы келісім де жақында жүзеге асуы мүмкін екенін хабарлады. Сауда қатынастарындағы осындай оң өзгерістер мұнай нарығына деген сенімді күшейтіп отыр.

Бейсенбі күні Үндістанның сауда министрі Пиюш Гоял да оптимистік мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Үндістан мен АҚШ 1 тамызға дейін өзара сауда келісіміне қол жеткізе алады деген үміт бар. Бұл маңызды мерзім, себебі дәл осы күні АҚШ президенті Дональд Трамп жариялаған жаңа сауда тарифтері күшіне енеді. Үндістан үшін бұл тариф мөлшері 26%-ға дейін жетуі мүмкін.

Осындай жаңалықтар аясында мұнай фьючерстерінің құны да біртіндеп көтерілуде. 25 шілде күні таңертеңгі сауда нәтижелері бойынша, ICE Futures лондон биржасында қыркүйек айындағы Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 69,33 доллар болды. Бұл — алдыңғы күнмен салыстырғанда 0,15 долларға (0,22%) жоғары. Ал бейсенбі күнгі саудада аталған марка 0,67 долларға (0,98%) қымбаттаған болатын.

Сонымен қатар, Нью-Йорк тауар биржасындағы (NYMEX) WTI маркалы мұнай да қымбаттап отыр. Қыркүйектегі жеткізілім бойынша фьючерстер 0,15 долларға (0,23%) көтеріліп, бір баррель үшін 66,18 долларды құрады. Бұған дейінгі сессияда бұл көрсеткіш 0,78 долларға (1,2%) өскен еді.

Сарапшылардың пікірінше, АҚШ пен басқа елдер арасындағы сауда келіссөздері нарық қатысушыларының жаһандық экономика және мұнайға деген сұранысқа қатысты алаңдаушылығын азайтып отыр. ING талдаушылары бұл оптимизм мұнай ұсынысының ұлғаюы туралы жаңалықтарға қарағанда нарыққа көбірек ықпал етіп жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар, The Wall Street Journal басылымының дерегінше, америкалық Chevron компаниясы Венесуэлада мұнай өндіруді жалғастыруға рұқсат алған. Бұл шешімнің нәтижесінде Венесуэланың экспорттық көлемі тәулігіне 200 мың баррельге артуы мүмкін. ING сарапшылары бұл жаңалықты АҚШ-тағы мұнай өңдеу зауыттары үшін жағымды фактор ретінде бағалап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз