Шымкентте дәрігерді балағаттап, ұрған зейнеткерге айыппұл салынды

Шымкент қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Нұрсат ықшам ауданындағы перзентхананың босану бөлмесінде акушер-гинеколог дәрігерді балағаттап, шапалақпен ұрған зейнеткердің ісін қарады. Зейнеткер «ұсақ бұзақылық» жасады деген күдікке ілінген.
«13 шілде күні таңертең Шымкент қаласы Нұрсат шағын ауданында орналасқан перинаталдық орталығының 2-қабатындағы 3-босану бөлмесінде акушер-гинеколог дәрігерді зейнеткер балағаттап, айналасындағы адамдарды сыйламаған. Әкімшілік кодексінің 434-бабы 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, қоғамдық тәртiптi және жеке 2 тұлғаның тыныштығын бұзатын, төңiрегiндегiлердi сыйламаушылықты бiлдiретiн басқа да осындай iс-әрекеттер жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген» делінген сот қаулысында.
Сот кабинеті жүйесіндегі сот қаулысында зейнеткер дәрігерді балағаттаумен бірге, шапалақпен ұрғанын айтқан. Ол сотта айыбын толық мойындаған, өкінетінін айтқан.
Зейнеткердің айыбы іс құжаттарымен дәлелденген. Сот оны кінәлі деп танып, 55 048 теңге айыппұл салған. Айыппұлды 1 ай ішінде өз еркімен төлеуге міндеттеген.
Кейінгі кезде медицина қызметкерлеріне күш қолдану, оларды соққыға жығу жағдайлары жиілеген. Мәселен, 17 шілде күні Қостанай облыстық ауруханасында операциядан шыққан хирургті емделуші соққыға жығып, дәрігер ауыр халде реанимация бөліміне түскен.