Үндістанда актер Виджайдың митингіне келген 39 адам қаза тапты

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: BBC

Үндістанның оңтүстігіндегі Тамилнад штатында актер әрі саясаткер Виджайдың сайлауалды митингі кезінде болған дүрбелең салдарынан кемінде 39 адам көз жұмды. Қаза тапқандардың арасында балалар да бар. Бұл туралы BBC агенттігі хабарлайды.

Оқиға Карур округінде өтті. Жергілікті биліктің хабарлауынша, іс-шараға ондаған мың адам жиналған. Митинг бірнеше сағатқа кешігіп басталып, осы уақыт ішінде адамдардың жағдайы күрт нашарлаған.

Штат үкіметінің өкілі Сентил Баладжи мәлімдегендей, 50-ден астам адам жарақат алды. Денсаулық сақтау министрі Ма Субраманианның айтуынша, қаза тапқандардың қатарында кемінде 16 әйел, 9 ер адам және 6 бала бар.

Тамилнадтың бас министрі Мутхувел Карунанидхи зардап шеккендерге көмек көрсету үшін көршілес аудандардан дәрігерлер шақырылғанын айтты. Сонымен қатар, билік қаза тапқандардың отбасыларына 1 миллион рупий (шамамен 11,3 мың доллар) өтемақы төленетінін және оқиға бойынша тергеу жүргізілетінін жариялады.

Өзінің интернеттегі мәлімдемесінде Виджай жүрегі «қақ айырылғанын» айтып, «сөзбен жеткізгісіз қайғы» сезініп отырғанын жеткізді. Ол марқұмдардың туған-туыстарына көңіл айтып, жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуін тіледі.

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди да бұл қайғылы оқиғаны «өте ауыр» және «қайғылы жағдай» деп атады.

Үндістанда бұған дейін де осындай оқиғалар жиі тіркелген. Биылдың өзінде ғана Кумбх Мела діни фестивалінде және крикет матчының жеңісін атап өту кезінде болған дүрбелең кезінде адамдар қаза тапқан еді.

Бұған дейін Үндістанда миды жейтін қауіпті амеба құрбаны көбейгенін жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз