Соғысқа екі жыл: Газада 67 мың адам қаза тауып, 193 мың үй қираған

Израиль армиясының Газа секторына шабуылдарынан 67 мыңнан астам палестиналық қаза тапты. Шамамен 193 мың ғимарат қирады немесе зақымданды. Олардың арасында жүздеген аурухана мен мектеп бар. Мәліметтерді Reuters агенттігі жариялады.
2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС палестиналық тобы Израильдің оңтүстігіне шабуылдады. Артынша Израиль армиясы Газа секторындағы әскери операциясын бастады. Содан бері екі жыл өтті, бірақ Таяу Шығыстағы соғыс әлі тоқтаған жоқ.
Газа секторындағы адам шығыны
Палестина денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылғы 7 қазаннан бері Газада 67 мыңнан астам адам қаза тапты. Олардың шамамен үштен бірі 18 жасқа толмаған балалар.
Министрлік адамдарды содыр немесе бейбіт халық деп бөлмейді. Бұған дейін Израиль билігі кем дегенде 20 мың содырдың көзін жойғанын мәлімдеген.
БҰҰ комиссиясы қыркүйек айында зерттеу жүргізіп, Израиль Газада геноцид жасағанын анықтады. Тель-Авив мұндай қорытындыны сынап отыр.
Израиль шығыны
Ресми мәліметке қарағанда, 2023 жылғы 7 қазаннан 2025 жылғы 29 қыркүйек аралығында кем дегенде 1665 израильдік пен шетел азаматы қаза тапты. Соның ішінде 1200 адам 7 қазандағы шабуыл барысында мерт болды.
Израиль әскерінің мәлімдеуінше, 2023 жылғы 27 қазанда Газаға шабуыл басталған уақыттан бері 466 сарбаз қаза тауып, 2951 жауынгер жараланған.
ХАМАС кепілге алған 251 адамды босатты. Израиль Газада тағы 48 адам кепілде отыр деп есептейді.

Газада қираған үйлер
БҰҰ Ғарыш ақпараты орталығының биыл жаздағы мәліметіне қарағанда, Газа секторында шамамен 193 мың ғимарат қираған немесе зақымданған. Мекеме мұнда шамамен 213 аурухана мен 1029 мектепке шабуыл жасалғанын хабарлады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы секторда 36 аурухананың 14-і ғана жұмыс істеп тұрғанын, сектордың оңтүстігіндегі ауруханалар науқасқа толып қалғанын мәлімдеді.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі басқармасы Газа қаласындағы жағдайды тұтас бір этносты қыру деп сипаттады.
Босқындар
БҰҰ мәліметінше, Газа секторы аумағының бар болғаны 18%-ына ғана соғыс салқыны қатты тимеген. Палестиналықтардың дені бірнеше мәрте көшуге мәжбүр болды. Израиль биыл тамызда Газа қаласындағы әскери науқанын күшейткен тұста 417 мың адам солтүстіктен оңтүстікке қарай босты.
Израиль Газа қаласының тұрғындарын үнемі оңтүстікке көшуге кеңес беріп отыр. Алайда, гуманитарлық ұйымдар мәліметінше, сектордың бұл жағында жағдай жоқ: адамдар қолдан құрастырылған лашықтарда тұрып жатыр, өңірді аштық жайлаған.