Ипотека қымбат күйінде қалады: реттеуші талабын неге екі рет кейінге шегерді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ипотеқа қымбат күйінде қалады/ Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда банктер беретін нарықтық ипотека тым қымбат. Жылдық пайызы (ЖТСМ) 25-ке тең ипотеканы есептетсең, алған қарызыңды банкке екі есе етіп қайтарасың. Биыл қаржы нарығын реттеуші органдар халықтың қалтасына түсетін салмақты азайту үшін арнайы қаулы қабылдап, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемені 25 пайыздан 20 пайызға түсірмек болған.

Қымбат ипотеканы арзандату амалы

Негізі аталмыш қаулы өз күшіне биыл маусым айында енуі тиіс еді. Алайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агеттігі (ҚНРДА) қаржы ұйымдарына «дайындалуға уақыт береміз» деп, қаулы күшіне енетін уақытты 1 қарашаға дейін бір шегерді.

Бірақ банктер ипотекалық бағдарламаларының шартттарын қайта қарап жатқан уақытта елде инфляция үдеп, Ұлттық банк негізгі мөлшерлемені 16,5 пайыздан бірден 18 пайызға көтеріп жіберді. Яғни, нарықтағы ақша одан әрі қымбаттай түсті.

Базалық мөлшерлеме көтерілгені сол еді, банктер нарықтық шарттармен ипотека беруін уақытша тоқтатты. Бұл ретте қаржы сарапшылары базалық мөлшерлеме жоғары болып тұрған кезде банктерге ипотека беру тиімсіз екенін айтқан. Өйткені қарашадан банктер ипотеканың мөлшерлемесін 20 пайыздан асыра алмайтын талап күтіп тұрды.

Бұл ретте Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының жетекші сарапшысы Алмат Орақбай Kursiv.Media-ға берген пікірінде осы екі фактор ипотека нарығына қысым тудырып отырғанын айтқан. Аталған екі көрсеткіш арасындағы небәрі 2 пайыздық айырма ипотекалық өнімдердің өзін-өзі ақтауына да, тәуекел мен шығынын жабуға да жетпейді.

Сарапшы Айбар Олжай да халыққа 20%-бен ипотека алу тиімсіз деп тұжырымдады. Өйткені аннуитетпен алған күннің өзінде нарықтық ипотеканы төлеп біту қиынға түседі.

Реттеуші талабын тағы кейінге қалдырды

Алайда күні кеше қаржы нарығын реттеуші мекемелер жоғарыда аталған қаулы мерзімін тағы да 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін шегеріп тастады. Банктер 2026 жылдың жазына дейін ипотеканы 25 пайызбен беріп, қымбат күйінде қалады. Реттеуші бұл шешімінің негізгі үш себебін айтады.

Біріншіден, базалық мөлшерлеме 18% болып түрған кезде талап күшіне енсе, нарықтағы ипотека көлемі азайып кетуі мүмкін. Ал мөлшерлеме 25% деңгейінде қалса, банктер бұрынғыдай ипотека бере алады.

Екіншіден, қазір Қаржы нарығын реттеу агенттігі қарыз алушының жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) есептеудің жаңа әдістемесін дайындап жатқан көрінеді. Бұл тәсіл қарыз алушыларды қатты қарызға батырмай, борыш жүктемесін азайту және банктердің артық тәуекелге бармауына көмектетуге тиіс.

Үшіншіден, реттеуші банктерге жаңа ипотекалық өнімдер енгізуге мүмкіндік бергісі келеді. Осы мақсатта Мәжілісте заң жобасы қаралып жатыр. Соған сәйкес, барлық банктерге тұрғын үй құрылыс жинақ банкі сияқты салымшылардан ақша қабылдап, сол ақша есебінен ипотека беру құқығы берілуі мүмкін.

Тек мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеп тұр

Қазір нарықтық ипотека қымбат болғандықтан, халық баспананы көбіне мемлекеттік бағдарламадар арқылы алуға тырысады. Оған қоса пайызы аз мембағдарламаларға мемлекет жылына миллиардтаған ақша құяды. Сала сарапшылары ипотека нарығы тек мемлекеттік қолдаудың арқасында өсіп жатқанын айтқалы біраз болды.

Жақында «Наурыз» және Наурыз жұмыскер» бағдарламасына бөлінетін қаржы екі есе өсіп, 500 млрд теңгеге жететіні белгілі болды.

2025 жылдың 6 айында 1 трлн теңгеге ипотка берілсе, нарықтағы бүкіл өсім Отбасы банкке тиесілі болған. Бұл банк берген қарыз жарты жылда 48%-ға өсіп, 690,2 млрд теңгені құрады.

Сондай-ақ оқыңыз