Мас күйде көлік жүргізген судьяның ісі Бас прокуратураға берілді

Ішкі істер министрлігі Астанада мас күйде көлік жүргізген судьяның ұсталғанын хабарлады. Іс Бас прокуратураға берілді, деп хабарлайды KursivMedia.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1 қараша сағат шамамен 04:30-да «Хан Шатыр» сауда орталығы маңында полиция қызметкерлері «Mazda-6» маркалы автокөлікті тоқтатқан. Көлік рөлінде азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы болған.
Тексеру барысында жүргізушінің мас болғаны, сондай-ақ жарамдылық мерзімі өтіп кеткен жүргізуші куәлігімен көлік айдағаны анықталған.
«Осы жағдай бойынша материалдар Жоғары сот кеңесіне ұсыныс енгізу мақсатында және заңда белгіленген тәртіппен судьяны жауапкершілікке тарту мәселесін қарау үшін Бас прокуратураға жолданды», – делінген ақпаратта.
Айта кетейік, бұған дейін азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы Асель Досаеваның ұсталғаны туралы ақпарат тарады.