Тереңқұрда миллионер Алагөзовке тиесілі жерде үйлер сүріліп жатыр

Жарияланды
Тереңқұр Терренкур
Фото: facebook.com/sergey.chikin; бильд-редактор: Серікжан Қобыланбаев

Алматыдағы Тереңқұрға жақында ықпалды адамдар көшіп баруы мүмкін. PR маманы Сергей Чикиннің айтуынша, даулы жердің дәл қасындағы жер телімі әйгілі продюсер мен Forbes тізіміндегі миллионердің отбасына тиесілі.

Чикиннің мәліметінше, жақында осы ауданда екі жекеменшік үй сүріле бастады. 2025 жылғы қыркүйекте ғана қала тұрғындары ауданда қонақ үй салынуы мүмкін екенін айтып, наразылық білдірген. Жергілікті тұрғындар сүріліп жатқан үйлерді Баян мен Тұрсынғали Алагөзовтер сатып алған деп отыр. Forbes кәсіпкердің байлығын 130 млн долларға бағалады. Алагөзов дәулетті қазақстандықтар тізімінде 61-орында тұр.

«Аумақ қоршалған. Соған қарағанда, мұнда біртұтас құрылыс басталғалы жатыр», – деді Чикин Kursiv.Media-ға.

Естеріңізге сала кетейік, Тереңқұрдағы 30 соттық жер төңірегіндегі дау ұзақ жылдан бері жалғасып келеді. Оны 2000-жылдары экс-сенатор Мұхтар Құл Мұхаммед заңсыз алған, кейін қазіргі қожайындарының қолына көшкен. Екі ай бұрын көрші үйлердегі тұрғындар мұнда қонақүй салынғалы жатыр деп дабыл қақты. Жергілікті халық осы ауданда саябақ салынады деген уәдені әлі күнге дейін орындата алмай келеді.

Сергей Чикиннің айтуынша, жасылмен қоршалған жерлер сатып алынған, қызылмен боялған 30 соттық – даулы жер.

Алматы қаласы Медеу аудандық әкімдігінің өкілдері даулы 30 соттық жердегі үйдің сызбасы ғана мақұлданғанын айтты. Мұнда қонақүй немесе басқа да коммерциялық нысан салу жоспарда жоқ. Әкімшілік мәліметінше, жер қожайыны оның бір бөлігін коммуналдық меншікке қайтарады.

Kursiv.Media Алагөзов Тереңқұрдағы жерді қаншаға сатып алғанын сұрап, қала әкімдігіне сауал жолдады.

Тұрсынғали Алагөзов қарамағындағы жұмысшыларға пәтер сыйлаған жомарт кәсіпкер ретінде танылды. «Жыл сайын 100 пәтер сыйла» деген ақылды оған әйелі Баян Алагөзова айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз