Халықтың тапқан табысы инфляциядан аса алмай тұр

III тоқсан қорытындысы бойынша Қазақстанда бір адамға шаққандағы ақшалай табыс 324,6 мың теңгені құраған. Бұл айына орта есеппен 108,2 мың теңге деген сөз. Номиналды есепте бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,5%-ға өскен. Алайда бағаның қымбаттағанын ескерсек, халықтың нақты табысы керісінше 3,4%-ға төмендеген.
DataHub сарапшылары Ұлттық статистика бюросының үй шаруашылықтарына жүргізілген сауалнамаларына сүйене отырып есептеген. Осы деректерге қарағанда, нақты табыстың мұндай айтарлықтай төмендеуі соңғы рет 2016 жылдың III тоқсанында тіркелген.
Инфляцияны ескергендегі табыс көрсеткіші жылдық есепте қатарынан екінші тоқсан төмендеп отыр. Алдыңғы тоқсанда бұл көрсеткіш -2,4% болған. Екі жағдайда да тауарлар мен қызметтердің қымбаттау қарқыны халық табысының номиналды өсімінен жоғары болды.
Жалпы алғанда, соңғы шамамен 14 жылда халықтың номиналды табысы бірде-бір рет төмендеген емес. Ал нақты табыстың азаюы әрдайым жоғары инфляциямен байланысты болған.
Мұндай жағдай жалпы үш рет тіркелді. Алғашқысы 2015 жылдың соңынан 2017 жылдың соңына дейін созылып, он тоқсанға жуық уақытты қамтыды. Екінші рет 2022 жылдың IV тоқсанында байқалды, ол кезде нақты табыс 1,9%-ға төмендеген. Қазіргі жағдай – үшінші рет тіркеліп отырған кезең.
Өңірлердің басым бөлігінде де нақты табыс азайған. 20 өңірдің 16-сында халық табысы өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Ең үлкен төмендеу Астанада (-8,9%), Ақтөбе облысында (-8,1%) және Алматыда (-7,6%) тіркелді. Соған қарамастан, табыс деңгейі бойынша Астана көш бастап тұр: III тоқсанда бір адамға шаққандағы орташа табыс 509,4 мың теңге болды. Алматы бұл көрсеткішпен үшінші орында – 462,9 мың теңге.
Ал нақты табыстың өсімі Жамбыл (+3,4%), Қостанай (+1,8%) және Ақмола (+0,4%) облыстарында байқалды. Айта кету керек, Жамбыл облысы табыс деңгейі ең төмен өңірлердің бестігіне кіреді, мұнда бір адамға шаққандағы табыс 275,4 мың теңгені құрайды. Өзгеріс тіркелмеген жалғыз өңір ө Алматы облысы.