KEGOC 2025 жылы 71 млрд теңге таза пайда тапқан

KEGOC компаниясы 2025 жылы 70,8 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 19%-ға жоғары.
Сонымен қатар елімізде электр энергиясын тұтыну көлемі 3,8%-ға артып, 124,6 млрд кВт/сағатты құраған. Ал өндіріс деңгейі 4,4%-ға өсіп, 123,1 млрд кВт/сағатқа жетті, ал ең жоғары жүктеме 18 желтоқсанда 17 724 МВт деңгейінде тіркелді.
Өндірістік көрсеткіштердің өсуімен қатар, компания цифрландыру деңгейін 52%-ға жеткізіп, жасанды интеллектіні енгізу бойынша Жол картасын бекітті. Ендігі кезекте бұл көрсеткішті 2032 жылға қарай 90%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
ESG рейтингі 62 балға дейін көтерілген ұлттық оператор 2026 жылы Ұлттық электр торабын дамытуды, инвестициялық жобаларды іске асыруды және кезекті жылыту маусымына дайындықты басты басымдық ретінде айқындады.
Сонымен қатар компания алдағы уақытта Балқаш жағалауында салынатын екі бірдей қуатты АЭС-ті іске қосу үшін қажетті инфрақұрылымды дайындау жұмыстарын жалғастырып, еліміздің бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің сенімділігін қамтамасыз етуге күш салмақ.
Бұған дейін KEGOC компаниясы Атырау және Маңғыстау облысында электр энергиясын беруге шектеу қойылды деген ақпаратты жоққа шығарған. Компанияның мәліметінше, тұрғындар мен өндірістік кәсіпорындарға энергия толық жеткізіліп тұр.
KEGOC – Қазақстанның Біртұтас электр энергетика жүйесінің операторы. 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша компанияның негізгі акционері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры (85,49%). Сонымен бірге акциялардың 6,93%-ы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тиесілі.