Жыл басынан бері республикалық бюджетке 3,6 трлн теңге түскен

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Бюджетке қанша салық түсті / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Республикалық бюджетке жыл басынан бері 3,6 трлн теңге салық түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 900 млрд теңгеге артық. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты.

«Соның ішінде 1,8 трлн теңгесін қосылған құн салығы құрайды. Оның 1 трлн теңгесі отандық компаниялардан түссе, 800 млрд теңгесі – импортқа салынған ҚҚС» ,- деді ол.

Сонымен қатар жаңа Салық кодексінің қабылдануына қарамастан, ұлттық компаниялар үшін салық шегерімдеріне рұқсат берілгені туралы тараған ақпаратқа түсініктеме берді.

Вице-министр мәлімет шындыққа жанаспайтынын атап өтті.

«Бұл – жаңсақ пікір. Заң баршаға ортақ, сондықтан субъектілерге, оның ішінде квазимемлекеттік немесе мемлекеттік секторға қатысты ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған. Біз барлық тараптармен бірдей құқықтық алаңда жұмыс істейміз», – деп мәлімдеді ол.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға дейін көтерілген.

Сондай-ақ оқыңыз