«Әділет» партиясының ұйымдастыру комитеті құжаттарын министрлікке тапсырды

«Әділет» партиясының ұйымдастыру комитеті Қазақстанның Әділет министрлігіне саяси партия құру туралы хабарлама берді, деп хабарлады ұйымдастыру комитетінен.
18 сәуірде хабарлама еліміздің барлық өңірлерінен, соның ішінде республикалық маңызы бар қалалар мен елордадан жиналған 700-ден астам азаматтан тұратын бастамашыл топтың атынан жолданғаны атап өтілді.
Ұйымдастыру комитеті хабарламаның ұсынылғанын растайтын құжатты алғанын хабарлады.
«Бүгіннен бастап Ұйымдастыру комитеті ресми түрде өз қызметіне кіріседі», – делінген хабарламада.
Партияның құрылтай съезін өткізу күні мен орны қосымша жарияланатын болады.
Бұған дейін қоғам қайраткерлері мен сарапшылардан құралған бастамашыл топтың басты мақсаты Әділетті Қазақстан құру және бір ай бұрын жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституцияның ережелерін қатаң сақтау екендігі туралы жазған едік.