Нәлібаев Алматы әуежайындағы құрылыс жұмыстарын 1 шілдеге дейін аяқтауды талап етті

Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматыға жасаған жұмыс сапары барысында әуежайды жаңғырту жұмыстарының баяу жүріп жатқанынын айтып басшылығын қатаң сынады. Нысандарды аралау жұмысына қала әкімі Дархан Сатыбалды да қатысты.
Жұмыс қарқыны баяу жүріп жатыр
Ішкі рейстер терминалын қайта жаңғырту және жаңа жүк тұрақтарын салу жұмыстарымен танысқан бірінші вице-премьер құрылыс қарқынының әлі де өте баяу екенін айтты. Ол Алматы халықаралық әуежайы басшысы Көсе Гөкерге нақты талап қойды.
Алматы – туристер көп келетін, ең әсем қаламыздың бірі. Әуежай аумағындағы қаланың көркін бұзатын, туристерге жайсыздық тудыратын құрылыс жұмыстарын 1 шілдеге дейін аяқтау керек. Көсе Гөкер мырза, әуежай маңындағы жолаушылардың, туристердің орынды сын-ескертпелеріне негіз болған, созылып кеткен жұмыстарды аяқтайтын уақыт жетті. Туристер ағыны өсетін жаз мезгілі қарсаңында жаңғыртудың қарқынын да арттырыңыздар, халықтың жағдайын назарға алыңыздар. Ал қала әкімдігі жаңғырту жұмыстарының сапасы мен дер уақытында бітуін қатаң бақылауда ұстауы тиіс», — деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.
Ол жазғы туристік маусым қарсаңында Алматы әкімдігі жаңғырту жұмыстарының сапалы әрі уақытында аяқталуын қатаң бақылауға алуы тиіс екенін қосты.
Су басу оқиғасына қатысты сын
Нәлібаев жуырда нөсер жауын салдарынан жаңа халықаралық терминалды су басқан жағдайға да жеке тоқталды. Бұл оқиға қоғамда кең резонанс тудырып, қала тұрғындары мен шетелдік қонақтар арасында жағымсыз реакцияға себеп болды.
Сондай-ақ ол Алматы әкімдігіне әуежайдың көлік инфрақұрылымын қаланың қоғамдық көлік жүйесімен, оның ішінде болашақ метро желісімен интеграциялауды тапсырды.
Модернизация ауқымы
Қазіргі таңда әуежайдың жылдық өткізу қабілеті 14 млн жолаушыға дейін артты. Бұл 93 млрд теңге көлеміндегі инвестиция мен 2024 жылдың маусым айында ашылған жаңа халықаралық терминалдың (56 мың шаршы метр) іске қосылуының нәтижесінде мүмкін болды.
Әуежайды басқаратын TAV Airports Holding компаниясы өткен жылдың тамыз айында нысанды дамытудың бес жылдық бас жоспарын бекітті. Құны 360 млн доллар болатын жоба аясында ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу, жүк перронын салу, қонақүй мен көпқабатты автотұрақ тұрғызу жоспарланған.
Айта кетейік жуырда Алматы халықаралық әуежайының шетелдік топ-менеджері ауысты. Бұл шешімді әуежайдың жалғыз акционері шығарған. Қабылданған құжатқа сәйкес, әуежайдың директорлар құрамынан Акылдыз Джандемир шығарылып, оның орнына Дорук Карабулут директорлар кеңесінің мүшесі – Компанияның тәуелсіз директор болып сайланған.