Қазақстан авиациялық қауіпсіздік бойынша үздік 20 елдің қатарына кірді

Қазақстан авиациялық қауіпсіздік деңгейі бойынша әлемдегі үздік 20 мемлекеттің қатарына кірді. Сонымен қатар соңғы бес жылда ел арқылы өтетін транзиттік ұшулар саны төрт есеге артқан. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев үкіметтегі жиында мәлімдеді.
Жыл басынан бері 4 миллионнан астам жолаушы тасымалданды
Министрдің айтуынша, биылғы жылдың алғашқы төрт айында жолаушылар саны 4 миллионнан асқан. Ал 2025 жылы қазақстандық әуежайларда 173 мың тонна жүк өңделген.
Десе де биылғы төрт айда жүк тасымалы көлемі азайған. Бұған Таяу Шығыстағы ахуал әсер еткен. Ал жолаушылар саны өткен жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалған.
«2025 жылы аэропорттар 32 млн жолаушыға қызмет көрсетті. Сондай-ақ 173 мың тонна жүк өңделді. Биылғы 4 айда жүк көлемі азайды. Ал жолаушылар саны өзгеріссіз қалды. Бұған Таяу Шығыстағы жағдай әсер етті», – деді министр.
Қазақстан авиациялық қауіпсіздік бойынша үздік 20 ел қатарына енді
Нұрлан Сауранбаевтың сөзінше, қазіргі уақытта азаматтық авиация саласын дамытуға қажетті негізгі институционалдық база толық қалыптасқан.
Қазақстанның Халықаралық азаматтық авиация ұйымы – ICAO талаптарына сәйкестік деңгейі жоғары. Аэропорт қауіпсіздігі 95,7%-ды, ал әуекомпаниялардың қауіпсіздік көрсеткіші 82%-ды құрайды.
«Осы нәтижелердің арқасында еліміз авиациялық қауіпсіздік бойынша әлемдегі ең үздік 20 мемлекеттің қатарына кірді», – деді ол.
Министр қауіпсіздікті күшейту мақсатында Әуе апаттарын тергеу орталығы құрылғанын айтты. Сонымен қатар Авиациялық әкімшілікке халықаралық деңгейдегі сарапшылар тартылған.
Бұдан бөлек, ICAO ұйымымен бірлесіп 2050 жылға дейінгі авиация саласының Мастер-жоспары әзірленіп жатыр. Құжатты осы жылдың соңына дейін қабылдау жоспарланған.
Транзиттік ұшулар 4 есеге артты
Соңғы бес жылда Қазақстан арқылы өтетін транзиттік ұшулар саны төрт есеге көбейген. Қазір транзит аэронавигациялық қызметтен түсетін табыстың негізгі бөлігін қамтамасыз етіп отыр.
«Алдағы бес жылда аэронавигация инфрақұрылымы толық жаңартылады. Бұл қазақстандық әуе дәліздерінің тиімділігін арттырады», – деді министр.
Министр атап өткендей, 2025 жылы әуе қозғалысын басқару жүйесін жаңғырту мақсатында америкалық Leidos корпорациясымен келісімшарт жасалған.
Айта кетейік, Ақтау әуежайына Еуропалық авиациялық қауіпсіздік мәртебесі берілді.