ЕАЭО туралы шартқа қол қойылғанына 11 жыл – Тоқаев одақтың дамуына оң баға берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысы өтті.
Мемлекет басшысы бүгінгі күннің символикалық мәні ерекше екенін атап өтті. Дәл осы күні, яғни, 2014 жылы 29 мамырда Қазақстан Астанасында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылған болатын.
«Бұл уақиға еуразиялық интеграцияның маңызды кезеңі ретінде есте қалды. Одақ құрылған сәттен бері еуразиялық «бестіктің» басты ынтымақтастық алаңына айналды. Осыған орай барша әріптесімді Еуразиялық экономикалық одақ күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бірлестік одан әрі дамып, елдеріміз бен халықтарымыздың игілігіне қызмет ете берсін! Бүгінгі шағын форматтағы кездесу барысында біз сыртқы саудаға, жасанды интеллектіні дамыту бастамаларына қатысты маңызды мәселелерді талқылаймыз. Бұл туралы мазмұнды әңгімеміз кеше экономикалық форум аясында басталды. Жиынымыз әдеттегідей конструктивті сипатта өтіп, өзара тиімді шешімдер қабылданатынына сенімдімін», – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы өтіп жатыр.
Тоқаевпен қатар Кеңес отырысына Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Президенті Садыр Жапаров, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Арменияның Вице-премьері Мгер Григорян және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.