Кіргеннен шыққаны көп: Қазақстандықтар қай елге миллиардтап ақша жібереді

Жарияланды 4 Маусым 2026 07:30

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі
Шетелге және шет елден ақша аударымдары / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Kursiv Media зерттеуінше, қазақстандықтар шетелден ақша алғаннан гөрі, өзге елдерге қаражатты әлдеқайда көп жібереді. Бұл – Қазақстан Ұлттық Банкінің (ҚҰБ) 2026 жылғы сәуір айындағы ресми мәліметіне негізделген қорытынды.

Сандарға сүйенсек, сыртқа кеткен қаражат көлемі бізге кірген ақшадан үш есеге жуық көп. Бұл миллиондардың қайда кетіп, қайдан келіп жатқанына қарапайым тілмен көз жүгіртейік.

Ақша аударымдары
2026 жылғы сәуір айындағы көрсеткіштер
ШЕТЕЛДЕН АЛЫНҒАН АҚША АУДАРЫМДАРЫ
Ресей
3 833 млн тг
АҚШ
2 724 млн тг
Түркия
2 082 млн тг
Өзбекстан
1 643 млн тг
Германия
1 338 млн тг
Корея Республикасы
722 млн тг
Қырғызстан
596 млн тг
ШЕТЕЛГЕ ЖІБЕРІЛГЕН АҚША АУДАРЫМДАРЫ
Ресей
20 939 млн тг
Өзбекстан
13 047 млн тг
Түркия
9 132 млн тг
Грузия
3 802 млн тг
Қырғызстан
1 753 млн тг
Әзірбайжан
1 330 млн тг
Қытай
1 228 млн тг
Инфографика: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Шетелден алынған ақша: Мұхиттың арғы жағынан кімдер ақша жібереді?

Елімізге келіп жатқан қаражат көлемі бір қарағанда аз емес – сәуір айында шетелден Қазақстанға жалпы сомасы 16,2 миллиард теңгеден астам қаражат аударылған. Мұнда көшбасшылықты әдеттегідей Ресей бастап тұр. Ол жақтан бір айдың ішінде 3,8 миллиард теңге келген.

Алайда, тізімдегі ең қызықты жайт – екінші орынға АҚШ-тың жайғасуы. Мұхиттың арғы жағынан қазақстандықтарға 2,7 миллиард теңге аударылыпты. Бұл шетелде оқып немесе жұмыс істеп жатқандардың елдегі жақындарына жіберген сәлемдемесі болуы әбден мүмкін. Үштікті 2 миллиард теңгемен Түркия түйіндеп тұр. Сондай-ақ, бізге ақша жіберетін елдердің қатарында Өзбекстан, Германия, Оңтүстік Корея және Қырғызстан бар. Бір қызығы, Еуропадан (Германия) келетін аударымдардың өзі 1,3 миллиард теңгеден асады.

Шетелге жіберілген ақша: Қаражат қайда ағылып жатыр?

Біздің отандастарымыз бір ғана сәуір айының ішінде шетелге 55 миллиард теңгеге жуық ақша жөнелткен. Бұл ақшаның басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 21 миллиард теңгеге жуығы Ресейге кеткен.

Екінші орындағы Өзбекстанға да қомақты сома – 13 миллиард теңге аударылған. Мұны көршілес елдермен арадағы тығыз сауда-саттық байланыстармен және еңбек мигранттарының өз елдеріне жіберген қаражатымен оңай түсіндіруге болады.

Үшінші орында курорттық және сауда орталығы саналатын Түркия (9,1 млрд теңге) тұр. Одан кейінгі орындарда Грузия (3,8 млрд теңге) мен Қырғызстан (1,7 млрд теңге) жайғасқан. Тіпті тізімнің соңында Әзірбайжан мен Қытайға да миллиардтан астам теңге жіберілгенін байқауға болады. Қысқаша айтқанда, Қазақстан ақша қабылдаудан гөрі, оны өзге елдерге «экспорттау» жағынан әлдеқайда белсендірек болып тұр.

Еске сала кетейік, Қаржы министрлігі ел ішіндегі күдікті аударымдарды көп қабылдаған азаматтарға арнайы ескерту хабарламалары жіберіле бастаған

Сондай-ақ оқыңыз