Бектенов Stadler вагондарын жеткізуді жеделдетуді талап етті

Премьер-министр Олжас Бектенов Stadler компаниясы вагондарының кешігіп жатқанын еске салып, оларды жеткізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Үкімет басшысы жолаушылардан вагондардың жағдайына қатысты шағым әлі де түсіп жатқанын атап өтті.
«Stadler компаниясының вагондарын жеткізудегі одан әрі кешігуіне жол берілмеуі тиіс. Өнеркәсіп министрлігі «ҚТЖ» және Stadler компанияларымен бірлесіп, барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, жолаушылар вагондарын қысқа мерзімде жеткізуі қажет. Жыл соңына дейін теміржол желісіне 215 жаңа локомотив және шамамен 1,5 мың жүк және жолаушылар вагоны шығуы тиіс», – деді Олжас Бектенов.
Еске салсақ, осыған дейін швейцариялық компания Stadler вагондар толық дайын екенін мәлімдеді. Компания «Самұрық-Қазына» АҚ экономика және қаржы жөніндегі директоры Айдар Рысқұловтың вагондардың тежеу жүйесіне қатысты айтқан мәлімдемесі шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлады.
Айта кетейік, сәуірде іске қосылады деп жоспарланған Stadler вагондары мамырға шегерілді. Бұл туралы көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров мәлімдеген болатын.
Ал мамыр айының соңында «Қазақстан темір жолы» ҰК басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов швейцариялық Stadler жолаушылар вагондарын іске қосу техникалық ескертулерге байланысты кейінге қалдырылғанын хабарлаған болатын.