Көк байрақтағы Дала қыраны азайып барады: жыртқыш құсты қалай сақтаймыз

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Алтын Емелдегі Дала қыранының ұясы
Қыран ұясындағы сарыауыз балапан / фото: Қазақ орманы

Алтын Емел ұлттық табиғи паркі аумағында дала қыранының екі ұясына фототұзақ орнатылды. Арнайы камера Қызыл кітапқа енген жыртқыш құсты зерттеу үшін қажет.

Қыранды құтқару

Қазақстанда «Жойылып кету қаупі бар» мәртебесіне ие Дала қыранының (Aquila nipalensis) саны азайып барады. 16-17 маусымда Алтын Емелде далалық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, жыртқыш құстың екі ұясы анықталды.

«Оларға фототұзақтар орнатылып, географиялық координаттары белгіленіп, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді», – деп хабарлайды «Қазақ орманы» мекемесі.

Мамандар сол арқылы жойылып бара жатқан қыран популяциясын зерттеп, олардың таралу аймағын бақылауға алады. Осының бәрі Қазақстан туында бейнеленген құсты сақтап қалуды көздейтін ғылыми зерттеулердің бір бөлігі.

Алтын Емелдегі Дала қыранының ұясы
Ұядағы жалғыз балапан / фото: Қазақ орманы
Алтын Емелдегі Дала қыранының ұясы
Қорек мол жылдары ғана қыран ұясынан 2-3 балапан қанат қағып ұшып шығады / фото: Қазақ орманы

Жойылып кетуі мүмкін

«Қазақ орманы» ұлттық паркте түсірілген бірнеше сурет жариялады. Онда қыран ұясындағы жалғыз балапан бейнеленген. Әдетте қыран 1-3, өте сирек жағдайда 4 жұмыртқа басады. Қорек мол жылдары ғана екі немесе үш балапан ұядан қанаттанып ұшып шығады.

Қазақстан – дала қыраны үшін әлемдегі ең маңызды аймақ. Өйткені дүниежүзілік популяцияның 68%-дан 82%-ға дейінгі бөлігі біздің елде ғана ұя салады. Кейінгі жылдары ол күрт азайып кетті. Соған байланысты Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) Aquila nipalensis-ке «Жойылып кету қаупі бар» (Endangered) мәртебесін берді. Қазақстан қыранды Қызыл кітапқа енгізіп, популяциясы азайып бара жатқан түр (II санат) ретінде ерекше қорғауға алды.

2018 жылы Қазақстанда дала қыранының шамамен 31,5 мың жұбы ұя салса, 2023 жылы 28 мыңға дейін төмендеген. Орнитологтар жыртқыш құс саны жыл сайын кеміп бара жатқанын айтып, дабыл қақты.

Дала қыраны
Дала қыраны азаттық пен еркіндік символына айналды / фото: Қазақ орманы

Жыртқыш құстың басты жауы – адам

Қырандардың қырылуының басты себептерінің бірі – орта және жоғары кернеулі электр бағаналары. Соған қонған құстар тоққа түсіп, жаппай қырылады.

Қыран құс ұясын көбіне жерге немесе аласа бұталарға салады. Сондықтан ауыл шаруашылығы техникалары, дала өрттері, мал тұяғы және қаңғыбас иттер ұя мен балапандарды оңай жойып жібереді.

Көк байрақтағы жыртқыш құстың негізгі қорегі – сарышұнақ пен суыр. Кеміргіштер саны азайып, олардың мекендеу ортасының тарылуы да қырандардың балапан шығару деңгейін төмендетті.

Оның үстіне тышқандарға қарсы қолданылатын улы химиялық заттар да кері әсерін тигізіп жатыр.

Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылғы 4 маусымда қабылданды. Көк байрақта бейнеленген дала қыраны азаттық пен еркіндікті білдіреді.

Бұл уақытта Қызыл кітапқа енген Түркістан сілеусіні көзге жиі түсетін болды. Жоңғар Алатауы ұлттық паркін мекендеген бірнеше сілеусіннің видеосы жарияланды.

Kursiv.Media бұған дейін Қатонқарағай ұлттық паркінде қоңыр аю, тауешкі, құны және қасқыр фототұзаққа түсіп қалғаны туралы жазған.

Сондай-ақ оқыңыз