LRT-ға жаңа инвестор табылды: CTS келесі қарызды Қытай нарығынан алғысы келеді

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
LRT-ның жаңа бағытынафото: Серикжан Ковланбаев

Астанадағы LRT құрылысына жауапты City Transportation Systems (CTS) компаниясы Қытай нарығынан қарызға ақша алмақ. Олар Шанхайда өткен үлкен қаржы форумында қытайлық серіктестермен келісімге қол қойды.

«Синьхуа» ақпарат агенттігінің мәліметінше, бұл жоба Қытайдағы еркін сауда аймағында офшорлық облигацияларды юаньмен шығаруды қарастырады. Келісімге Қазақстан тарапынан Astana Urban Transport Systems Co., Ltd. компаниясы қол қойған.

«Негізгі қаржылық ұйымдастырушы – China Securities компаниясы, ал China CITIC Bank бұл іске көмектесіп жатыр. Жиналған ақшаның бәрі Қазақстандағы жергілікті жобаларды дамытуға жұмсалады.

Қазіргі уақытта болашақ облигациялардың жалпы көлемі, айналым мерзімі, купондық мөлшерлемесі және нарыққа орналастырылатын нақты күні сияқты маңызды параметрлері әлі жарияланған жоқ. Сондай-ақ тартылған қаражаттың нақты қай жобаларға жұмсалатыны ресми түрде нақтыланбады.

Дегенмен, CTS компаниясы елорданың көлік жүйесіне, соның ішінде ЛРТ құрылысына жауапты екенін ескерсек, бұл қаражаттың аталған көлік желісін дамытуға бағытталу ықтималдығы жоғары. Сонымен қатар бұған дейін Астана әкімдігі ЛРТ желісін Қосшы ауылына дейін ұзарту жоспарланып отырғанын хабарлаған.

Экономист Арман Батаевтың пікірінше, бұл қадам елордадағы ЛРТ желісінің келесі тармақтары қандай қаражат есебінен салынады деген сұраққа жауап бергендей.

Бұған дейін ЛРТ жобасының бірінші желісі AIX (Астана халықаралық биржасы) алаңында 460 миллион доллар көлемінде облигация шығару арқылы қаржыландырылған еді. Ол міндеттемелерді өтеу мерзімі 2027 жылдың қазан айына жоспарланған.

Сонымен қатар мамандар 2027 жылы CTS компаниясының қазіргі бар берешегі қайта қаржыландырылуы мүмкін деген болжам жасайды.

15 жылдан бері үкімет LRT құрылысына шамамен 1,8 млрд доллар жұмсады. Қазақстан тарихындағы ең шығыны көп жобалардың біріне айналды.

Сондай-ақ оқыңыз