Полиция қызметкерін өлтірді деген күдікпен әйелі мен ұлы қамауға алынды

Алматы облысында полиция қызметкерін өлтірді деген күдікпен оның жұбайы мен ұлы ұсталды. Бұл туралы өңірлік полиция департаменті хабарлады.
23 маусым күні Кеген ауданындағы таулы аймақтан мәйіт табылғаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барған.
Өртенген ер адамның мәйітінің табылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды.
«Қаза болған адамның жеке басы анықталды. Оның полиция қызметкері болғаны расталды», – деп мәлімдеді полиция департаменті.
Іс бойынша бірнеше адам, оның ішінде марқұмның әйелі мен ұлы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – деп хабарлады ведомство.
Мұның алдында Алматы облысы Кеген ауданында Алматы қаласы полиция қызметкерінің өртенген мәйіті табылғаны хабарлаған.