Астанадағы жаңа әуежайдың құрылысы 2027 жылы басталады

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында Астанада салынатын жаңа әуежайдың құрылысы келесі жылы басталатынын айтты.
Сонымен қатар министр алдағы үш жылда Қазақстандағы әуежайлардың инфрақұрылымы толық жаңартылатынын айтты.
«Ең басты міндетіміз Астана әуежайын жаңғырту. Қала әкімдігі қазірден бастап дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр, ал құрылысты 2027 жылы бастау жоспарланған. Сонымен қатар аэрохабтарды дамыту жұмысы 6 ірі аэропорттарда жүргізіледі», – деді Сауранбаев.
Министрдің айтуынша, жүк авиациясын дамыту еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтіп, халықаралық логистикаға қосылуға мүмкіндік береді.
«Осыған байланысты мемлекет тарапынан қажетті шешімдер қабылданды. Сонымен қатар жүк авиациясын дамытуға арналған 5 жылдық жоспар әзірленді», – деді Нұрлан Сауранбаев.
2025 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада екінші әуежай салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырған еді.
Ал 2026 жылдың 30 маусымында өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада жаңа әуежай салу «кезек күттірмейтін міндет» екенін атап өтті.