3 ай төленбеген бірнеше кредиті бар азаматтар ортақ төлем кестесін ала алады

Бірнеше банк алдында төленбеген кредиті бар азаматтар үшін жаңа мүмкіндік пайда болды. 2026 жылдың 1 шілдесінен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Бірінші кредиттік бюро бірлесіп әзірлеген «Finkelisim.kz» бірыңғай цифрлық платформасы жұмысын бастады. Ол жерде бүкіл кредитті біріктіріп, бір төлем кестесін жасатып алуға болады.
Жаңа жүйенің тиімділігі – бұған дейін қарыз алушы әр несие ұйымына жеке-жеке барып өтініш білдірсе, енді платформа арқылы бәріне бір ғана өтініш жолдай алады.
Платформа азаматтың бүкіл қарызы туралы мәліметті автоматты түрде жинақтап, тиісті құжаттарды дайындайды.
Өтініш мақұлданса, заңды тұлғаларға 5 жылға дейін, ал халықтың әлеуметтік осал топтары мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 7 жылға дейінгі кесте ұсынылады.
Бұл ретте ұжымдық реттеу шарасына қатысу тегін, тек медиатор қызметі үшін ақы төленеді. Алайда 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін медиатор қызметінің шығындарын омбудсмандар өз мойнына алады.
Қандай талап қойылады
Платформа арқылы көмек алу үшін үміткер бірнеше негізгі талаптарға сай келуге тиіс.
Біріншіден, екі және одан да көп несие берушінің (банктер, МҚҰ немесе коллекторлық агенттіктер) алдында 90 күннен асқан мерзімі өткен берешек болуы шарт.
Екіншіден, жалпы қарыз көлемі 150-ден 1600 АЕК-ке дейінгі аралықты, яғни 648 750 теңгеден 6 920 000 теңгеге дейінгі соманы құрауы қажет.
Үшіншіден, бұл қарыз коллекторларға өтпеген болуы керек.
Айта кету керек, ипотека, автонесие, кәсіпкерлікке арналған қарыздар, алаяқтық жолмен рәсімделген несиелер, сондай-ақ әскери қызметтегі азаматтардың кейінге қалдырылған қарыздары бұл бағдарламаға кірмейді
Бұған қоса, медиация туралы келісімі бар немесе төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, банкроттық рәсімдерін бастаған тұлғалар да платформаны пайдалана алмайды.
Қалай өтініш беруге болады
Мәселені реттеу процедурасы бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен азамат платформада биометриялық сәйкестендіруден өтіп, жеке басын растайды және өтініш береді.
Жүйе несие бюроларының деректері арқылы талаптарға сәйкес келетінін тексерген соң, тиісті несие тізімін жасап, кредиторларға жолдайды.
Несие берушілер берешек көлемін растағаннан кейін, қарыз алушыға қол қою үшін омбудсман шешімінің хаттамасы, бірыңғай төлем кестесі мен медиативтік келісімдер жіберіледі.
Бұл құжаттарды 72 сағат ішінде қол қойып бекіту қажет, әйтпесе өтініштен бас тартылған деп сепетеледі.
Құжаттар бекітілген соң, несие өндіру шаралары уақытша тоқтатылады. Қарыз алушы төлемді бірыңғай кестемен аударып отырады, ал платформа қаражатты кредиторларға қарыз көлеміне қарай пропорционалды түрде бөледі.
Егер азамат төлем кестесін бұзып, мерзімді 40 күннен асырып алса, несие беруші қарызды заңды тәртіппен мәжбүрлеп өндіруге құқылы.
Сонымен қатар бағдарламаға екінші рет қатысуға рұқсат берілмейді. Қарызын мүлдем өтей алмайтын азаматтар egov.kz порталы арқылы соттан тыс банкрот бола алады.
Бірыңғай төлем кестесі қарыздың жалпы сомасына байланысты қалыптасады. Егер қарыз сомасы 1 млн теңгеге дейін болса, ең жоғары айлық төлем 12 ай бойы 84 мың теңгені құрайды.
Ал қарыз 5-7 млн теңге аралығында болса, 60 ай бойы ай сайын 117 мың теңгеден төленеді.
Қазір халықтың мойнында төленбегеніне үш айдан асқан 1,7 трлн теңге кредит бар.