Қазақстандықтар жылына 7 келі балық тұтынады – статистика

Қазақстандықтар балықты бұрынғыдан көбірек тұтынуда. Бүгінде жан басына шаққандағы тұтыну көлемі 7 келіге дейін ұлғайды. Ал балық өнімдері нарығы бір жыл ішінде 13%-ға артты. Бұл туралы Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 106,5 мың тоннаны құрады.
«Оның ішінде 49,6 мың тонна балық ауланды, 23 мың тонна тауарлық балық өсірілді. Экспорт көлемі 21 мың тоннаны, импорт көлемі 55 мың тоннаны құрады», – деді комитет төрағасы.
Оның айтуынша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде халықтың балық тұтыну деңгейі де артқан.
«Нәтижесінде жан басына шаққандағы балық тұтыну көлемі 4 келіден 7 келіге дейін өсті. Бұл ретте ұсынылатын көрсеткіш – 11 келі», – деп атап өтті Серік Сермағамбетов.
Спикер 2030 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын қабылдағанын еске салды.
«Бағдарлама аясында 2030 жылға дейінгі негізгі көрсеткіштер белгіленді. Атап айтқанда, өсірілетін балық көлемін жылына 7 мың тоннадан 270 мың тоннаға дейін, балық өнімдерін ішкі тұтыну көлемін 67 мың тоннадан 134 мың тоннаға дейін арттыру және балықтың табиғи популяциясын 7%-ға көбейтіп, 237 мың тоннаға жеткізу жоспарланған», – деді спикер.
Айта кетейік, бірқатар маусымдық өнімнің бағасы өткен аптамен салыстырғанда төмендеді. Оның ішінде жаңа ауланған, салқындатылған және мұздатылған балықтың бағасы 0,4%-ға арзандаған.