Кондиционерсіз үйді қалай салқын ұстауға болады

Жарияланды 13 Шілде 2026 16:31

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General news бөлімінің аға журналисі a.serikkhan@kursiv.media
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Жаздың аптап ыстығында үйдің іші де тез ысып кетеді. Әсіресе кондиционері жоқ пәтерде немесе үйде ұзақ отыру жайсыздық тудырып қана қоймай, денсаулыққа да кері әсер етуі мүмкін. Алайда арнайы техникасыз-ақ бөлмені салқын ұстаудың қарапайым әрі тиімді тәсілдері бар.

Қалың перде немесе жалюзи қолданыңыз

Күн сәулесі терезе арқылы бөлмеге еніп, ауаны және үй ішіндегі заттарды қыздырады. Мұның алдын алу үшін терезеге қалың перде немесе жалюзи ілген дұрыс.

Күндіз дала жарық болған кезде оларды жабық ұстау бөлменің қатты қызып кетуіне жол бермейді.

Терезеге күннен қорғайтын пленка жабыстырыңыз

Пердені үнемі жауып қоюдың бір кемшілігі – бөлме қараңғы болып кетеді. Егер табиғи жарықты сақтағыңыз келсе, терезеге күннен қорғайтын арнайы пленка жапсыруға болады.

Мұндай құрылғы күннің қызуын азайтады әрі бөлмені қараңғылатпайды.

Бөлмені дұрыс желдетіңіз

Күннің ыстығында терезені ашпаған жөн. Себебі сырттағы ыстық ауа үйге кіріп, бөлмені одан әрі ысытып жібереді

Үйді таңертең немесе түнде, ауа салқындаған кезде желдеткен дұрыс. Мамандар терезені таңғы сағат 04:00–08:00 аралығында, ал кешке 22:00-ден кейін ашуға кеңес береді.

Мүмкіндік болса, терезені түнге ашық қалдырып, күн қызбай тұрып жауып қойған жөн. Бұл бөлменің ұзақ уақыт салқын болып тұруына көмектеседі.

Ауаны ылғалдандырыңыз

Салқын су бөлменің температурасын төмендетуге көмектеседі. Ол үшін су шашатын құтыға мұздай су құйып, бөлмені әр 1-1,5 сағат сайын ылғалдандыруға болады. Алайда шамадан тыс ылғалдандырудан сақ болған жөн. Өйткені ауа тым ылғал болса, жайлылық азаяды.

Тағы бір тиімді әдіс – ауа ылғалдандырғыш пайдалану. Оның ішіне мұздай су құйып, бірнеше мұз бөлігін салуға болады. Қаласаңыз, жалбыз немесе лимон эфир майының бір тамшысын қосуға болады.

Тұрмыстық техниканы аз пайдаланыңыз

Компьютер, теледидар және басқа да электр құрылғылары жұмыс істеген кезде қосымша жылу бөледі. Сондықтан оларды қажет кезде ғана қосып, пайдаланбаған уақытта өшіріп қойған дұрыс.

Қыздыру шамдарын ауыстырыңыз

Қыздыру шамдары жұмыс кезінде қатты қызады. Оның орнына жарықдиодты (LED) шамдарды қолданған жөн. Олар әлдеқайда аз қызады әрі электр энергиясын да үнемдейді.

Егер шамдарды ауыстыру мүмкін болмаса, аптап күндері жарықты мүмкіндігінше аз қолданған дұрыс.

Сүлгі кептіргішті өшіріңіз

Жазда пәтерде жылыту жүйесі жұмыс істемесе де, кейбір сүлгі кептіргіштер ыстық су жүйесіне қосылып тұрады.

Егер ол ыстық су құбырларына жалғанған болса, суды беретін вентильді жауып қоюға болады. Ал электрлі сүлгі кептіргішті тоқ көзінен ажыратқан жөн.

Ас үй мен жуынатын бөлмедегі желдеткішті қосыңыз

Егер плитада тамақ пісіруге немесе душ қабылдауға тура келсе, ас үйдегі немесе жуынатын бөлмедегі сорғышты қосқан дұрыс. Ол бөлмедегі ыстық ауа мен будың бір бөлігін сыртқа шығарады.

Желдеткішті тиімді пайдаланыңыз

Желдеткіштің өзі бөлмені салқындатпайды, тек ауаны айналдырады. Оны кондиционерге ұқсатып пайдалану үшін алдына мұздай су құйылған бөтелкелерді қоюға болады.

Егер мүмкіндік болса, бөтелкелерді суға толтырып, мұздатып қойған дұрыс. Бөтелкені толық емес, шамамен ¾ бөлігіне дейін толтырсаңыз жеткілікті. Мұндай тәсіл одан да тиімді болады.

Бөлмеде ауа айналымын жақсарту үшін желдеткішті терезе маңына қойып, салқын ауаның қозғалуын қамтамасыз етуге болады.

Дымқыл жаймаларды іліңіз

Ашық терезенің алдына дымқыл мата немесе жайма ілсеңіз, су булануы арқылы ауа салқындайды.

Күніне 1-2 рет ылғалды тазалау жасаңыз

Еден мен жиһазды күніне кемінде бір рет сүртіп тұрған дұрыс. Ол үшін салқын су қолданыңыз – ол үйдегі ыстықты азайтуға көмектеседі. Бұл әдістің тағы бір пайдасы бар, ауадағы шаң азайып, бөлмеде тыныс алу жеңілдейді.

Бір ғана тәсілді қолдансаңыз, айтарлықтай өзгеріс байқалмауы мүмкін. Ал бірнеше әдісті қатар қолдансаңыз, үй ішіндегі жайлылық едәуір артады.

Өзіңізді де салқындатуды ұмытпаңыз

Тек үйді ғана емес, өзіңізді де сергітіңіз: салқын сусын ішіңіз, салаттар мен жеңіл салқын тағамдарды таңдаңыз, балмұздақ жеп, салқын душ қабылдаңыз.

Алайда денені қатты тоңдырып алмаңыз және ауырып қалмас үшін желдеткіштің тура астында ұзақ отырмаған жөн.

Бұған дейін аптап ыстықты жеңіл өткеруге көмектесетін 10 тиімді тәсілді жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз