Ауыл шаруашылығы министрлігі шілденің соңына дейін қарбыз жемеуге кеңес берді

Қазақстандықтарға қарбызды қашан сатып алған дұрыс? Бұл сұраққа Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов жауап берді.
Оның айтуынша, қарбыздың нарыққа шығатын бірнеше маусымы бар. Ерте піскен өнім үлдірдің астында өсірілсе, кейін орта және кеш пісетін қарбыздар жиналады. Ал жыл бойы шетелден импортталған өнім сатылады.
«Өндіріс тұрғысынан алғанда, қарбызды тұтынудың ең қауіпсіз кезеңі – шілденің соңы мен қыркүйек айының аралығы. Дәл осы уақытта қарбыздар тыңайтқыштар мен түрлі өсу стимуляторларын қолданбай, табиғи жолмен піседі. Сондықтан, әсіресе, балаларға әзірге қарбыз жеуге асықпауға кеңес беремін. Бұл – менің маман ретіндегі пікірім», – деді вице-министр Үкіметтегі брифингте.
Сұлтановтың айтуынша, шетелден әкелінетін барлық жеміс-көкөніс өнімі фитосанитариялық бақылаудан өтіп, олардың қауіпсіздігі, зиянкестер мен өсімдік ауруларының жоқтығы тексеріледі.
Ал өнім құрамындағы химиялық заттардың шамадан тыс қолданылуы немесе олардың қалдық мөлшеріне қатысты бақылау санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің құзыретіне жатады.
Еске салайық, бұған дейін маусым айында қарбыз тұтынудың қаншалықты қауіпті болуы мүмкін екенін жазған едік. Сондай-ақ нитраттың көп екенін қалай білуге болатыны жайлы маман кеңесін ұсынған болатынбыз.