Пәкістан Қазақстанға үш теңіз портын пайдалануды ұсынып отыр

Пәкістан Қазақстанға өз еліндегі үш теңіз портын пайдалануға беріп отыр. Ол ірі порттар – Карачи, Касим және Гвадар – Үнді мұхитының солтүстік бөлігінде, Арабия теңізінің жағалауында орналасқан.
Пәкістан Қазақстанға жүк тасымалдау үшін Карачи, Касим және Гвадар порттарының инфрақұрылымын ұсынуға дайын. Бұл туралы Пәкістанның теңіз істері жөніндегі министрі Мухаммад Джунайд Анвар Чаудри Қазақстан Елшісі Ержан Қыстафинмен өткен кездесуінде мәлімдеді.
«Пәкістан теңіз порттары Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия өңірі үшін транзиттік торап ретінде қызмет атқара алады және Парсы шығанағы, Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына шығуға мүмкіндік береді», – деді Чаудри.
Тараптар сондай-ақ кеме қатынасын дамыту, сауда рәсімдерін оңтайландыру, екі елдің салалық ведомстволары мен порт операторлары арасындағы байланысты нығайту мәселелерін талқылады. Әзірге нақты бағыттар, әлеуетті тасымал көлемі мен жаңа логистикалық шешімдерді іске қосу мерзімдері аталған жоқ.
Қазақстан мен Пәкістан жүк жеткізудің бірнеше бағытын қазірдің өзінде дамытып келеді. 2026 жылы Қытай арқылы Каракорум тас жолымен екі ел арасындағы алғашқы жүк тасымалдары басталды.
Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Пәкістан арасындағы тауар айналымы 105,6 миллион долларды құрады.