6 айда Қазақстанның ішкі тауар айналымы 36,2 трлн теңгеге жетті

2026 жылдың бірінші жарты жылдығында Қазақстанның ішкі тауар айналымы 36,2 трлн теңгеге жетіп, 15,3%-ға өсті. Негізгі үлес азық-түлік сегментіне тиесілі болды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты.
Сондай-ақ отандық агроөнеркәсіп өндірушілерінің сыртқы нарықтардағы позициясы да нығая түсті. Қаңтар-мамыр айларында азық-түлік экспорты 34,4%-ға өсіп, 1,6 млрд долларға жетті.
Сонымен қатар импортқа тәуелділік төмендеп, оның үлесі 14,7%-ға дейін қысқарды. Бүгінгі таңда Қазақстан негізгі азық-түлік өнімдерінің көбісі бойынша ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп отыр. Атап айтқанда, күнбағыс майы, ұн, күріш, картоп, пияз, сәбіз, макарон, сиыр және қой еті өнімдері бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету көрсеткіші 100%-дан асады.
Азық-түлікке жатпайтын секторға тоқталсақ, 5 айдың қорытындысы бойынша шикізатқа жатпайтын тауарлардың экспорты 12%-ға артып, 10 млрд доллардан асты. Импорт 4,4%-ға өсті. Қазақстанның ішкі нарығы отандық өндірушілер үшін сұраныстың негізгі көзі болып қала береді.
Отандық тауарларға басымдық
Министрдің айтуынша, отандық өнімнің үлесі әрбір тауар санаттары бойынша қамтамасыз етіледі. Бұл қазақстандық өнімдердің қолжетімділігі мен көрінісін арттыруға мүмкіндік береді.
«Отандық тауарларды тұтынушыларға танымал ету үшін олар сауда залының ең көп сұранысқа ие аймақтарына орналастырылып, «Қазақстанда жасалған» белгісімен белгіленеді», – дейді ол.
Айта кетейік, Қазақстан 2025 жылдың қыркүйегі мен 2026 жылдың шілде аралығында 13,9 млн тоннаға астық пен ұн экспорттады.