Тоқаев Ұлттық банкке инфляцияны тұрақтандыру жұмысын жалғастыруды тапсырды

Жарияланды 13 Тамыз 2026 18:58

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General news бөлімінің журналисі a.tolendi@kursiv.media
Тоқаев Ұлттық банкке инфляцияны тұрақтандыру жұмысын жалғастыруды тапсырды / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдады. Кездесуде ақша-несие саясатының қаңтар-шілде айларындағы нәтижелері талқыланды, деп хабарлайды Ақорда.

Тимур Сүлейменов экономикадағы ахуал, іскерлік белсенділік, инфляция факторлары және бағаны тұрақтандыру шаралары туралы баяндады.

Жылдық инфляция он ай қатарынан төмендеп, шілдеде 10,2%-ды құрады. Ұлттық банктің мәліметінше, бұған ақша-несие саясаты, теңге бағамының нығаюы, тұтынушылық белсенділіктің тұрақтануы және Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен шаралары ықпал еткен.

Бизнеске берілген банктік несиелердің көлемі 1 шілдедегі жағдай бойынша бір жылда 17,1%-ға өскен. Шағын және орта бизнесті несиелеу қарқыны 29,6%-ға дейін жеделдеген.

Ал тұтынушылық несие өсімі жыл басындағы 21%-дан 13%-ға дейін баяулаған. Бұл кредиттік ресурстардың бизнеске қаржы бөлуге қарай қайта бағытталып жатқанын көрсетеді.

Кездесуде Ұлттық қор мен елдің алтын-валюта резервтерінің жағдайы да талқыланды. 1 шілдедегі жағдай бойынша олардың жалпы көлемі 127,3 млрд долларды құрады.

Сонымен қатар Ұлттық қордың бірінші жартыжылдықтағы инвестициялық кірісі 2,3 млрд долларға жеткен. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы активтер жыл басынан бері 1,7 трлн теңгеге өсіп, 27,8 трлн теңгені құрады.

Ұлттық банктің цифрлық қаржы активтері мен ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да таныстырылды. Жаңа бағыттардың қатарында трансшекаралық төлемдерде стейблкоиндерді пайдалану, инфрақұрылымды дамыту және токенделген мемлекеттік активтерді шығару бар.

19 шілдеден бастап Ұлттық төлем жүйесінде барлық банктердің клиенттері арасында QR арқылы төлем жасау және телефон нөмірі бойынша ақша аудару іске қосылды. Жүйе іске қосылғалы бері 170 млрд теңгеге 6,5 млн операция өңделген.

Президент Ұлттық банктің инфляцияны тұрақтандыру бағытындағы жұмысын жалғастырудың маңызын атап өтіп, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде бірқатар тапсырма берді. Ұлттық банктің орта мерзімді инфляция мақсаты – 5%.

Сондай-ақ оқыңыз