
13 тамыздағы қорытынды бойынша KASE индексі қатарынан екінші күн тарихи максимумын жаңартып, 8 101,99 пунктке жетті. Бір күнде индекс 57,14 пунктке немесе 0,71%-ға өсті. Сауда барысында индекс 8 167,18 пунктке дейін көтерілген, деп жазады Kursiv.Media.
Күннің айқын көшбасшысы – Kaspi.kz. Компания акциясының жабылу бағасы 46 545 теңгеден 48 300 теңгеге көтеріліп, Close-to-Close есептеуде 3,77% өсті. Halyk Bank акциялары да айтарлықтай нығайып, 1,79% қымбаттады.
Өсім жағында «ҚазТрансОйл» +0,33%, KEGOC +0,28%, Банк ЦентрКредит +0,14% нәтиже көрсетті. Ал ҚазМұнайГаз акциясының өзгерісі небәрі −0,01% болды. Бұл пайыздар KASE жариялаған 13 және 12 тамыздағы жабылу бағалары негізінде Close-to-Close әдісімен есептелді.
Күннің ең әлсіз нәтижесі Қазатомөнеркәсіпке тиесілі: акция 33 999 теңгеден 33 860 теңгеге түсіп, 0,41% арзандады. Kcell −0,15%, Air Astana мен Қазақтелеком шамамен −0,13%-дан төмендеді.