
Желіде аты шулы Grand Theft Auto (GTA) 6 ойынының геймплейі түсірілген видеолар пайда болды, деп хабарлайды Kursiv Media. Видеолардың әлеуметтік желілерден жылдам өшіріле бастауы бұл кадрлардың шынайы екенін аңғартады.
Алғашқы роликте басты кейіпкерлердің бірі Джейсон Дюваль үйінің ауласында баскетбол ойнап жатады. Сарапшылардың айтуынша, бұл кадрлар 2023 жылғы ақпараттан тарап кетуі мүмкін, өйткені доп кейіпкердің денесінен өтіп кететін техникалық мүкістік байқалады. Eкінші видеода Джейсонның көлік тізгіндеп, жол ережесін бұзғаны, соның салдарынан басқа жүргізушімен төбелесіп, арты полиция қуғынына ұласатыны бейнеленген.
Роликтегі белгілерге қарағанда, бұл жайт Cyberleek хакерлік тобының ұйымдастыруымен орын алған. Хакерлер бұл қадамды ойынға берілетін цифрлық алдын ала тапсырыстарға қарсылық ретінде жасағандарын айтып отыр.
Ресми көрсетілім қашан өтеді?
GTA 6 ойынының ресми тұсаукесері 27 тамыз күні Астана уақытымен сағат 00:00-де Netflix платформасында көрсетіледі.
Rockstar Games студиясының хабарлауынша, геймплей видеосы кейінірек, яғни 28 тамыз күні Астана уақытымен сағат 06:00-де компанияның ресми YouTube арнасына да жүктеледі. Тұсаукесер трансляциясы шамамен 20 минутқа созылады.
Еске сала кетейік, GTA 6 ойыны 2026 жылдың 19 қарашасында PlayStation 5 және Xbox Series X|S консольдеріне шығады.