Qarmet-ті 1,5 млрд теңгеге тонаған 13 адам сотталды

Астанада металл орнына вагондарға қоқыс, құм мен топырақ толтырып, кәсіпорынды тонаған қылмыстық топқа сот үкімі шықты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «QARMET» АҚ-ның қаражатын ұрлап, ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқан 13 адамды кінәлі деп тапты.
Сот үкімі 2026 жылғы 10 тамызда шықты.
Іс материалдарына сүйенсек, алаяқтық схема 2021 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың желтоқсанына дейін жұмыс істеген. Топ жетекшілерінің бірі вагондарды кәсіпорынға жеткізуді ұйымдастырған. Құжат бойынша вагондарда сапалы металлолом бар деп көрсетілген. Бірақ іс жүзінде металдың орнына вагондарға топырақ, құм, тас пен қоқыс толтырылған.
Қылмысқа қатысушылар рөлдерін өзара бөліп алған: біреулері вагондарды кәсіпорын аумағына тосқауылсыз кіргізіп, тез босатуға көмектессе, екіншілері металдың сапасыз екенін жасырып, құжатты өткізіп отырған.
Салдарынан QARMET кәсіпорнына 1,6 млрд-қа жуық зиян келген. Қарағанды облысы прокуратурасының мемлекеттік айыптаушылары сотқа толық дәлелдер ұсынды.
Сот сотталғандардың қылмыстық жолмен тапқан мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарды. Тәркіленген мүліктердің ішінде көліктер, жылжымайтын мүлік және банк шоттарындағы ақша бар. Олардың жалпы құны шамамен 1 миллиард теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, сот QARMET компаниясының талап-арызын қанағаттандырды. Келтірілген шығынды өтеу үшін сотталғандардан 804 млн теңгеге жуық көлемде ақша өндіріліп алынатын болды.
Еске салсақ, өткен жылдың желтоқсанында Қаржылық мониторинг агенттігі «АрселорМиттал Темиртау» АҚ-ның заңды мұрагері Qarmet мүлкін ұрлады деген күдікпен «АлбаСтройДор» ЖШС директоры Сергей Кимге қатысты қылмыстық істі тергеп жатқаны хабарланған еді.