Жаз әлі кетпеді: демалыс күндері жаймашуақ ауа райы күтіп тұр

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы / Фото: Делия Айдаралиева

Демалыс күндері елдің басым бөлігінде жазды күндердегідей жылы болады. Алайда елдің батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында найзағай ойнап, жаңбыр жаууы мүмкін.

Қазгидромет мәліметінше, алдағы үш күнде ауа температурасы біртіндеп көтеріледі. Елдің батысында, солтүстік-батысында және оңтүстігінде күндіз +28…+33°C дейін ысиды.

Солтүстікте, шығыста және орталық өңірлерде ауа температурасы +23…+30°C-қа дейін көтерілсе, оңтүстік-шығыста +20…+27°C болады.

Ал таулы және тау бөктеріндегі аудандарда айтарлықтай салқын болып, шамамен +10…+15°C шамасында сақталады.

Қай өңірлерде жаңбыр жауады?

Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында ауа райы айтарлықтай құбылмалы болады. Кей жерлерде найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жауады.

Алматы қаласында 4 қыркүйекте көшпелі бұлт шығады, өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз ауа температурасы +22…+24°C болады, желдің екпіні 15 м/с жетуі ықтимал.

Алматы облысында демалыс күндері де жаңбыр жауып, найзағай болады деп күтілуде, ал таулы аудандарда жауын кей жерлерде жаңбыр мен қарға ұласуы мүмкін.

Шығыста түн салқындайды

Күндізгі жылы ауа райына қарамастан, елдің шығысында түнде салқын болып қала береді. Шығыс Қазақстан облысында 5 қыркүйекке қараған түні кей жерлерде температура 0…+5°C дейін төмендейді, ал солтүстікте, шығыста және таулы аудандарда -5 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін. Күндіз ауа +17…+22°C-қа дейін, облыстың оңтүстігінде +25°C-қа дейін жылынады.

Ұқсас жағдай Абай облысында да байқалады. Түнде температура +2…+7°C-қа дейін төмендеп, кей жерлерде үсік болуы ықтимал.

Сондай-ақ оқыңыз