
Танымал грек әншісі Йоргос Мазонакис 54 жасында жүрегі тоқтап, қайтыс болды. Қайғылы оқиға Афиныдағы жекеменшік клиникада болған. Бұл туралы Kursiv.LifeStyle Neos Kosmos басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Клиника қызметкерлері сағат 16:21-де жедел жәрдем шақырған. Бірнеше минуттан кейін оқиға орнына мотоциклмен парамедик келіп, реанимациялық шараларды бастады.
Сағат 16:45-те Мазонакис «Elpis General Hospital» ауруханасына жеткізілді. Ол ауруханаға түскен кезде тамыры соқпаған және өздігінен тыныс алмаған. Дәрігерлер жүрек-өкпе реанимациясын жалғастырғанымен, әншінің өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Сағат 17:40-та дәрігерлер оның қайтыс болғанын ресми түрде тіркеді.
Аурухана мәліметінше, шұғыл түрде ауруханаға жатқызуға жүректің тоқтауы және өздігінен тыныс алудың болмауы себеп болған. Сонымен қатар жарияланған ақпаратта катетер қою оқиғаның нақты себебі болғаны айтылмайды.
«2026 жылғы 9 қыркүйекте сағат 16:45-те 1972 жылы туған Йоргос Мазонакис EKAB жедел жәрдем көлігімен ауруханаға өздігінен тыныс алу белгілерінсіз және тамыр соғысы болмаған күйде жеткізілді. Жүрек-өкпе реанимациясы хаттамаға сәйкес жүргізілді, алайда нәтиже болмады. Қайтыс болғанының ресми уақыты – 17:40», – делінген хабарламада.
Йоргос Мазонакис туралы не белгілі
Йоргос Мазонакис Афины маңындағы аудандардың бірінде өсіп, бала кезінен гректің лайко музыкалық жанрына қызыққан. Өнердегі кәсіби жолын жастайынан түнгі клубтарда өнер көрсетуден бастаған. Ал 1990-жылдардың басында жеке әнші ретінде мансабын бастады.
Әншінің алғашқы альбомы 1993 жылы жарық көрді. Кейін Мазонакис көптеген танымал ән шығартып, қазіргі грек музыкасының ең белгілі орындаушыларының біріне айналды.
Оның көпшілікке кеңінен танылған әндерінің қатарында Gucci Forema, To Finito, Savvato және Ena Keno бар.
Әнші өзіндік ерекше стилімен және жарқын сахналық қойылымдарымен де танымал болды. Ол музыкасында дәстүрлі лайко жанрын поп және рок элементтерімен үйлестірді. Сонымен қатар The X Factor сияқты танымал телешоуларға қатысып, онда қазылар алқасының мүшесі болды.
Оның әндері бүгінде де жоғары сұранысқа ие. Spotify платформасында Мазонакистің ай сайынғы тыңдармандары 858 мыңнан асады. Ал Arash-пен бірге орындаған Tora Tora (Boro Boro) әнінің клипі шамамен 38 млн рет қаралған.