Әуежай мен ұшақта қандай сөздер айтуға болмайды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Из-за ледяного дождя в аэропорту Астаны задержали более 10 рейсов
фото: Kursiv Media архиві

Әуежайға барғанда, ұшақта отырғанда айтуға болмайтын сөздер тізімі бар. Көлік министрлігі солардың тізімін жариялады деп хабарлайды Kursiv Media.

«Авиацияда «бомба», «жарылыс», «террорист», «қару», «басып алу» сияқты сөздер және басқа да осыған ұқсас мәлімдемелер қауіпсіздікке төнген қатерді білдіруі мүмкін. Ықтимал қауіп туралы кез келген ақпаратқа барынша байыппен қаралады, ал экипаж бен авиациялық қауіпсіздік қызметтері белгіленген рәсімдерге сәйкес әрекет етуге міндетті», – деп ескертеді ведомстводан.

Жоғарыда аталған сөздер айтылса, экипаж мұндай сөздің әзіл, абайсызда айтылған сөз немесе нақты қауіп туралы ақпарат екенін бірден анықтай алмайды.

Сондықтан бірден әуе кемесі мен багаж тексеруге кіріседі. Арнайы қызметтер тартылады, қажет болған жағдайда жолаушылар эвакуациялануы немесе әуежайдың жекелеген аймақтарына кіру шектелуі мүмкін. Нәтижесінде экипаж уақыты ауысады, рейс кейінге қалуы да мүмкін. Тиісінше компания мен әуежайға қосымша шығын келеді.

«Ұшақта және әуежайда себепсіз бомба, жарылғыш зат, қару, тапанша, террористер, терроризм актісі, әуе кемесін басып алу туралы, сондай-ақ жолаушыларға немесе экипажға зиян келтіру ниеті, багажда немесе қол жүгінде қауіпті заттардың бар екені туралы сөздер айтуға және мұндай тақырыпта әзілдеуге болмайды. Қазақстанда ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес терроризм актісін жасауға дайындалып жатқаны туралы жалған хабарлама жасағаны үшін айыппұл, түзеу жұмыстары немесе бас бостандығын шектеу жазасы көзделген»,- деп хабарлайды министрлік өкілдері.

Сөздің «әзіл ретінде» немесе шын ниетпен айтылғаны маңызды емес. Егер айтылған сөз ықтимал қауіптің бар екенін көрсетсе, авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері оған ден қоюы керек дейді ведомство мамандар.

Еске салайық, 3 қыркүйекте Алматыдан Ақтауға ұшатын рейстегі жолаушы бомба туралы әзіл айтқаны үшін түсірілген еді. Салдарынан ұшақ уақытынан екі сағатқа кешіккен.

Сондай-ақ оқыңыз