Ауруханадан шыққан Ақбаян Мұқанғалиева ата-анасының қазасы туралы білмейді

Атырауда ата-анасы мен екі бауырынан айырылған Ақбаян Мұқанғалиева психикалық орталықтан шықты, алайда жағдайында айтарықтай өзгеріс жоқ. Мұны KursivMedia тілшісіне отбасының туысы Фаризат Кенжеғалиева айтты.
Сөзінше, Ақбаян Мұқанғалиеваның денсаулығы қалыпқа келмеген.
«Өз тамағын ішеді, болды. Әлсіздік бар, емделіп жатыр. Қазір Атырауда апамыздың қолында, сол кісілер қарап жатыр», – деді Фаризат Кенжеғалиева.
Бұған дейін Мұқанғалиеваның бес баласымен кездескені хабарланды.
«Ақбаян әке-шешесінің қайтқанын да білмейді. Әзір айтуға келмейтін сияқты», – дейді отбасының туысы.
Төрт адамның өлімі
Атырау облысында 2025 жылдың соңында төрт адам хабарсыз кетті. Содан кейін отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев күдікті деп танылды.
Қылмыстық іс сотта қаралып, нәтижесінде 2025 жылдың мамырында Сұлтан Сәрсемәлиевтің қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиевті пышақтап өлтіргені анықталды. Кейін мәйітін үйдің маңына көміп, жақындары күмәнданбас үшін оның атынан хабарламалар жазып отырған.
Сол жылдың қазанында Жангелдин ауылында тұратын бұрынғы қайын атасы мен енесін де өз үйінде пышақтаған. Жерді 1 метр 30 сантиметр етіп қазып, екі адамның мүрдесін сол жерге көмеді.
Осыдан кейін бұрынғы әйелі Ақбаян мен қайын апасы Мейрамгүл Қарабалинаны ертіп Атырауға барған. Қалада қайын апасы Мейрамгүлді де пышақтап өлтіріп, мәйітін Наурыздың жанына көмген.
Осы жағдайдан кейін Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына сотталды. Сот үкімі заңды күшіне енді.