Жезқазған әкімі отставкаға кетті

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Кайрат Шайжанов
Фото: Жезқазған әкімдігінің фейсбук парақшасынан

Қайрат Шайжанов Жезқазған қаласының әкімі қызметін аяқтағанын хабарлады. Ол өз еркімен жұмысынан кетті деп жазады Kursiv Media.

«Осы уақыт ішінде біз бірге көптеген мәселелерді көтеріп, көптеген бастамаларды іске асырдық. Сіздер мені қолдаған жерде мен де күшейдім, сынаған жерде де ширыға түстім», – деп атап өтті Қайрат Шайжанов мәлімдемесінде.

Сонымен бірге ол тұрғындарға сенім артқаны үшін алғыс білдіріп, Жезқазған жай жұмыс орны емес, тағдыры мен еңбек жолы тығыз байланысты туған қаласы болып қала беретінін жеткізді.

Қайрат Шайжанов 1977 жылғы 22 шілдеде дүниеге келген. «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» және «Құқықтану» бағыттары бойынша екі жоғары білімі бар. Еңбек жолын жеке секторда, құрылыс компанияларында басшылық лауазымдарда бастаған.

2013 жылдан бастап Астанадағы «ТҮКШ жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығында» департамент басшысы және ғылыми-техникалық орталықтың бас директоры болды. 2015 жылы аз уақыт «Әлем-строй» ЖШС-н, ал 2015–2017 жылдары Қарағанды облысы Осакаров ауданын басқарды. 2022 жылдың маусымынан бері Жезқазған қаласының әкімі лауазымын атқарып келді.

Бұған дейін Шәкір Кейкиннің Атырау әкімі қызметінен кеткенін жазған едік. Облыс әкімдігінің мәліметінше, ол креслосын өз еркімен босатқан.

Сондай-ақ оқыңыз