Энергетика министрлігі елорда әуежайының авиациялық жанармай тапшылығы туралы мәлімдемесіне жауап берді

Жарияланды
Қалыптасқан жағдайды шешу үшін департамент белгілі бір шараларды қабылдады

Әуежайлар мен авиакомпаниялар әуе отынымен қамтамасыз ету мәселелерін алдын ала және дербес шешуі керек. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада айтылған.

Энергетика министрлігі Нұр-Сұлтан қаласының әуежайын авиаотынмен қамтамасыз ету бойынша қалыптасқан жағдайға қатысты әуежайлар мен авиакомпаниялар импорттың қажетті көлемін жеткізуді қоса алғанда, авиаотынмен қамтамасыз ету мәселелерін алдын ала және өздігінен пысықтаулары тиіс екендерін атап өтеді. Аталған жағдай шаруашылық жүргізуші субъектілердің ағымдағы коммерциялық қызметі болып табылады.

Министрлік өз тарапынан қыркүйек айының басында компанияларға Павлодар мұнайхимия зауытында жоспарланған жөндеу жұмыстары туралы хабарлаған болатын.

Нұр-Сұлтан қаласының әуежайы бойынша жағдайды шешу мақсатында келесі реттегі шаралар қабылданды:

– Қазан айында Мұнай өңдеу зауыттарында (МӨЗ) қосымша 2000 тонна авиаотын шығарылады, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына қосымша көлем бөлінетін болады;

– Ірі жеткізушілер қарашаға арналған көлемдер бойынша жедел келісімшарттар жасасады және МӨЗ-ден жөнелтуді жеделдетеді;

– Сондай-ақ, ірі жеткізушілердің бірі Нұр-Сұлтан әуежайына қосымша 700 тонна авиаотын жеткізеді.

Осы орайда, әуежайлар тарапы қажет отын көлемін тек қана ірі емес, сонымен қатар шағын жеткізушілерден коммерциялық бағамен сатып алуы қажет екендігін атап өтеміз. Сондай-ақ, Ресей нарығында авиаотын бойынша жағдайдың жақсарғандығын ескере отырып, Ресей МӨЗ-нен импорттау мүмкіндігі де бар екендігін қосымша атап өтеміз. Индикативтік балансқа сәйкес РФ-дан 300 мың тоннаға дейін импорт жасау жоспарланған, іс жүзінде 9 айда ол бар болғаны 55 мың тоннаны құрады.
 

Сондай-ақ оқыңыз