Жөндеу жұмысын жасаудың арзан әрі тиімді жолы
Жаз басталса, көпшілігіміздің жөндеу жұмыстарына кірісетініміз өтірік емес. Әлбетте, еңбек демалысынан түскен ақшаның қанша бөлігін жұмсай аласыз, қанша күнін арнай аласыз — бәрін ойластырасыз. Егер алда жөндеу жұмысын жасау жоспарыңызда болса, сізге айтар бірнеше кеңесіміз бар. Кәдеңізге жарасын!
Жаңадан үй алып, енді жөндеу жасағалы жатсаңыз, алдымен шығыны аз, бірақ сәнді етудің жолын ойластырыңыз. Мысалы жөндеу жасалмаған, жап-жаңа үй алып жатсаңыз, онда лофт стилі қолайыңызға келе, қарастырып көруге болады. Өйткені бұл стильдің ерекшелігі сол — өңделмеген кірпіш, бетон қабырға сәнін кіргізеді. Тиісінше, шығыны онша көп болмайды. Егер жақсылап қолға алсаңыз, өте ерекше дизайндағы пәтер етіп шығаруға әбден болады. Ал енді бұрын біреулер тұрған үй не өзіңіздің бұрыннан тұрып келе жатқан пәтеріңіздің ішін жаңалағыңыз келсе, кантри не скандинавиялық стильге көз қырын салуға кеңес береміз. Өйткені мұндағы дизайнның артықшылығы — көп дүниені қолдан істеуге болатыны. Тіпті маман жалдамай-ақ, интернетте бар ақпараттарды қорытып, өзіндік бір жобасын жасап алу қиын емес. Өйткені бұл ретте біз бюджеті онша көп емес адамдардың тобына арнап кеңес айтып отырмыз. Әйтпесе, кәсіби маманның аты — маман. Оның қолынан шыққан туынды жақсырақ болатыны белгілі. Бірақ олардың ақысы, сәйкесінше, қымбат болады.
Қазір сізге керемет лайфхак айтқалы отырмыз. Дизайнерлердің жұмысын тегін пайдаланудың бір әдісі бар. Мысалы, үлкен құрылыс дүкендері желісінде құрылыс материалын алатын болсаңыз, дизайнын сыйлыққа әзірлеп береді. Яғни сіз қандай материалдан жасайтыныңызды, қанша шаршы метрлік бөлмеге арналғанын айтсаңыз, олар сізге есептеп қана қоймай, қалай орналастыруға болатынын, қалай көрінетінін — бәрін жасап береді. Осылайша кем дегенде жуынатын бөлменің болашақтағы көрінісі көз алдыңызда болады. Әрі маманның кеңесін де алып қаласыз.
Жөндеу жұмысын бастамас бұрын, қандай шығын кететінін шамамен болсын шығарып, смета жасау керек. Өйткені құрылыс дүкеніне не базарға барғанда ойыңыз шашыраңқы болып тұрмағаны дұрыс. Ол үшін бөлменің шаршы метрін есепке алғанда қандай материалдың қанша көлемде керегін есептеу маңызды. Сонымен қатар, қай бөлмеге тұсқағаз жапсырасыз, қай бөлмеге қабырға бояуын аласыз, ламинат төсейсіз бе, жоқ әлде линолеум ба — анықтап алыңыз. Одан бөлек, бәрін жаңалайтын болсаңыз, не жаңа үйге көшіп жатсаңыз, жиһаз мен декордың да шығынын есептеу қажет. Нарықтағы бағаны интернеттен шолып шықан соң, ойыңызда белгілі бір сома пайда болады. Одан көп кетуі мүмкін екенін ұмытпаңыз. Артық шығынға ұшырамас үшін бірнеше кеңес айта кетейік:
• Плитканы ылғал тиетін жерлерге ғана төсеуге болады
Әдетте, жуынатын бөлмеге еденнен төбеге дейін плитка төсеп жатамыз. Ал негізі қазір үнемдеудің өзге де әдістері пайда болды. Яғни қай жерге су тиетін болса, сол жерге ғана плитка салсаңыз жеткілікті. Ал қалған бөлігіне арнайы ылғал бөлмеге арналған бояумен әдемілеп бояуға болады.
• Материалдардың төзімділігіне баса мән беру керек
Кім де болсын, бір жасаған жөндеуінің ұзаққа шыдағанын қалайды. Олай болса, барынша сапалы материал алу керегі бесенеден белгілі. Дегенмен қымбатын алуға жағдайыңыз жетпеуі де мүмкін. Ондайда бөлмеге байланысты да материал түрін түрліше таңдауға болады. Айталық, жатын бөлмеде адам аяғы көп басылмайды. Демек, оған аса салмақ түспейді. Бұл дегеніміз ламинаттың 31-кластағысын алсаңыз жеткілікті. Ал енді адам көп басатын кіреберіс не қонақ бөлме сияқты жерлерге 32 не 33-санатты ламинат алған дұрысырақ. Санаты жоғары болған сайын бағасы өседі.
• Жеңілдіктерді аңдып жүріңіз
Сізге әр тиын маңызды. Сондықтан барынша акцияларға құлақ түре жүріңіз. Мысалы, кей құрылыс дүкендерінде аптаның белгілі бір күндерінде текше лақтырып, қай жағы түссе, соған сәйкес 5, 10, 15, 20 пайыз жеңілдік берілетін акция болады. Немесе тек дүйсенбі күндері тұсқағаз, бояулар арзан бағаға берілуі мүмкін. Ақыры жөндеуді ойға алсаңыз, әлеуметтік желілерде жөндеуге қатысты парақшаларды, құрылыс дүкендерін шолып жүріңіз. Сонда жеңілдіктен құр қалмайсыз. Қазір желіде бір іздеген затыңыз келесіде алдыңыздан сұрамаған жерден топ етіп шығады.
• Үнемі артығымен есептеңіз
Қанша жерден дәл есептедім десеңіз де, жетпей қалуы мүмкін. Болмаса, әр данасын санап алған плиткаңыз үйге жеткізгенше сынып қалуы да ғажап емес. Ондайда бірнешеуін артығымен алған жақсы. Өйткені бөлмені бітіруге қалғанда шамалы ғана жетпей қалса, дүкенге бару артық уақыт алғанынан бұрын, дәл сол түрі таусылып қалуы да мүмкін. Айтпақшы, құрылыс дүкендерінің желілерінде кейде артығын қайта алатындары да болады.
• Арзандау баламаларына көз салыңыз
Егер сіз орташа жөндеу жасайтын болсаңыз, демек сізде қаражат шектеулі. Бұл дегеніміз үнемдеген артық болмайды деген сөз. Ендеше, паркеттен гөрі ламинат, МДФ емес полиуретаннан жасалған ернеулік алсаңыз да болады. Осы сынды біршама қалтаны қақпайтын тәсілдерді білген артық емес.
• Бір түсті материалдар таңдаған жөн
Өрнегі бар плитка не тұсқағаздың жұмысы көбірек. Оның суретін шығару уақыт алады. Әрі сәйкестендіру үшін көп бөлігін жарамсыз етіп қалдыруға тура келеді. Ал егер бір түстісін алатын болсаңыз, бұлай бас қатырып жатпайсыз.
• Қай жерде үнемдеудің қажеті жоқ?
Құрылысшылардың жөндеуі жасалмаған жаңа үй алып жатсаңыз, инженерлік коммуникацияға сақ болыңыз. Сондықтан құбырларға келгенде еш үнемдемеңіз. Бірнеше жылға құлақтың тыныштығы қазіргі үнемдеген ақшадан артық. Өйткені көршілерді су басса, оның шығынын өтеу оңайға соқпайды. Бір жасағанда сапалысын таңдап, орнату маңызды.
• Бригаданы қалай таңдау керек?
Арнайы жұмысшылар алғанның бір жақсысы, өзіңізге сенімді болмасаңыз, өз ісінің маманы деп тапсыра аласыз. Дегенмен кейде жүрдім-бардым жасай салатындар да болады. Ондайларға тап болмас үшін оған дейінгі жасаған жұмыстарын қарап, болмаса таныс арқылы бағасын білген жақсырақ. Егер бригада шаршы метріне байланысты бағаны ғана айтар болса, бірден бас тартыңыз. Өйткені әр жұмыстың өзіндік бағалану әдісі болады. Плитка төсеуден бастап, бояуға дейін бәрін-бәрін есептеу қажет.
• Өзіңіз де қатысудан қорықпаңыз
Кей бригада бір айда қалайда бітіру керек болған соң, қалай болса солай жасап беріп кетуі мүмкін. Ондайда қабырға дұрыс тегістелмей, плиткалар қисық төселіп қалуы ғажап емес. Негізі өз үйіне иесінің ғана жаны ашиды. Сондықтан интернет қолжетімді заманда әлдебір шаруаны қолға алудан қорқудың қажеті жоқ. Ламинат төсеу жолдарын бір қарап шығып, өзіңіз кірісіп кетсеңіз болады. Түрлі лайфхак пен өздері істеген кездегі қателіктерді тізіп шыққандарды тыңдап, ой түйесіз. Осылайша үнемдеуге болады. Мысалы, қабырғаны бояу үшін дипломы бар маман болудың міндетті емесін білетін боларсыз?
• Көршілердің мазасын алмауыңыз керек
Қаланың үйінде тәртіп сақтау маңызды. Өйткені сізден бөлек мұнда тұратын басқа да көршілер бар. Жеке үйдің жайы бөлек. Ал көпқабатты тұрғын үйде уақытқа қарап барып жұмыс істеу қажет. Яғни таңертең нешеден бастап кешкі нешеге дейін тарсылдатуға болады — соны анықтаңыз. Көбіне түнгі 22:00 болғаннан кейін шуласа, көршілер шағым түсіреді. Сондықтан барлық шулы шаруаны күндізгі уақытта істеңіз де, түнде тарсылдамай бітетін жұмысты істеңіз.
• Жұмыстың ретін сақтаңыз
Кез келген іске кіріспес бұрын оның ретін нақтылап алу керек. Әйтпесе, екі жұмыс істеуіңіз мүмкін. Мысалы алдымен еденнің шаруасын бітіріп, одан кейін қабырғаға көшеді. Сосын тоқ жүргізіп, сантехника орнатады. Одан соң барып жиһазға көшеді дегендей. Ал есікті ең соңынан салады.
• Дайын жиһаз — қалтаға үнем
Өз қалауыңыз бен талғамыңызға қарай жасатуға және күтуге мүмкіндік болса, керемет. Олай болмаса, дайынын алғаннан артығы жоқ. Біріншіден, тапсырыс берсеңіз оны бір аптадан бастап бірнеше аптаға дейін күту керек болады. Екіншіден, талғамыңызға қарай жасатып отырған соң, бағасы да біршама қымбаттау келеді. Сол себепті күтуге уақытыңыз болмаса, дұрысы — дайынын ала салу.