Қарағанды облысында браконьерлер үш киікті сойып алған

Жарияланды
Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүргізілуде

Қарағанды облысының табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері киік аулағандарды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызыл кітапқа енген жануарларды заңсыз аулағаны үшін қылмыстық жауапкершілік туралы полиция қызметкерлерінің ескертулеріне қарамастан, азаматтар жануарлардың сирек кездесетін немесе жоғалу қаупі жоғары түрлерін аулауды жалғастыруда.

14 қаңтарда сағат 01.00-де рейдтік шаралар барысында Қарағанды облысының ПД табиғат қорғау полициясының және Нұра ауданының ПБ қызметкерлері, «Охотзоопром» мекемесінің инспекторларымен бірге Нұра ауданының аумағында «ВАЗ-2121» маркалы автокөлігін тоқтатты.

Нұр-Сұлтан қаласының 34 жастағы тұрғыны басқарып келе жатқан автокөлікті тексеру кезінде автомобильдің төбесіне орнатылған жүк салғышта ақбөкен терісін алып келе жатқаны анықталды. Бұдан басқа  жүк салғыштан мүйізі кесілген үш дана киіктің басы, қан мен жүн іздері бар ас үй пышағы бар қап табылды.

Сол күні оның Нұра ауданының 28 жастағы тұрғыны болып табылатын інісімен бірге бір бас ақбөкенді қораға айдап кіргізіп, кейін сойып, содан кейін сойылған киік етін қапқа салып, көлікке жасырғаны анықталды.

Тәртіп сақшылары ағайындылар қасапхана ретінде пайдаланған қараусыз қалған ғимаратты тексерген кезде екі қапқа салынған киік етіне ұқсас жіліктелген ет пен үш жұп мүйізді тапты.

Браконьер тірі және сойылған ақбөкенмен түскен фотосуретті смартфонында сақтап, оны жақындарына естелік ретінде қалдыру туралы шешім қабылдаған.

Аталған факт бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жалғасуда.

Сондай-ақ оқыңыз