​Жаңартылған «Меркі – Бурылбайтал» тасжолында қозғалыс жыл соңына дейін ашылады

Жарияланды
Ұзындығы 266 шақырымды құрайды

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбековпен бірге республикалық маңызға ие «Меркі – Бурылбайтал» автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстарының барысымен танысты. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Жоба өңірдің көліктік әлеуетін арттырып, қазақстандықтарға Балқаш көлі курорттық аймағының жағалауына еш кедергісіз жетуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ол облыстың транзиттік әлеуетінің дамуына да ықпал етпек. Ұзындығы 266 шақырымды құрайтын автомобиль жолы Тәтті, Шу және Бірлік елді мекендерін айналып өтеді.

Қайта жаңартудан өткен соң Меркі елді мекені мен Шу аралығында жатқан жолдың 86 шақырымдық участкесі 4 жолағы бар І техникалық санаттағы жолға сай болады. Ұзындығы 176 шақырымды құрайтын Шу қаласы айналма жолынан Бурылбайтал елді мекеніне дейінгі жол учаскесі 2 жолағы бар ІІ техникалық санаттағы жолға сәйкестендірілмек.

Бұдан бөлек, жоба 6 көпірдің, теміржол арқылы өтетін 3 жол өтпесінің, жарықтандырылатын 11 жол айырығының, 276 құбырдың, демалыс алаңдарының, сондай-ақ, елді мекендердің маңында орнатылатын автопавильондардың құрылысын қарастырады.

Құрылыс жұмыстары басталғалы жолшылар топырақтың 4,1 млн текше метрін жайластырып, жолдың 112 шақырымында төсеме қабатты, 109 шақырымында жол негіздемесінің төменгі қабатын, 105 шақырымында жол негіздемесінің жоғарғы қабатын, сондай-ақ, 101 шақырымында жол жабындысының төменгі қабатын төседі.

Жол учаскесіндегі жұмыстарға техниканың 641 бірлігі жұмылдырылып, 1300-ден астам тартылған. Құрылыс жұмыстарын «Синьсин» және «АБК Автодор НС» компаниялары жүргізіп жатыр. Сапаны бақылауды «Аркада KZ» және «Сапа СЗ» ЖШС жүзеге асыруда.

ҚР ИИДМ басшысы жоба «Оңтүстік-Солтүстік» дәлізінің маңызды учаскелерінің бірі екендігін атап өтіп, оның жүзеге асырылу барысы министрліктің ерекше бақылауында екендігін алға тартты. Министр жобаны белгіленген мерзімде аяқтауды жүктеді.

Жыл соңына дейін жолдың толық бойында қозғалысты ашу жоспарланған.
 

Сондай-ақ оқыңыз